Түркістан қаласының ағымдағы жағдайы және даму бағыттары

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылдың 19-маусымы күні қол қойған тарихи құжатқа сәйкес қазақ хандығы мен бүкіл түркі жұртының саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді. Елбасымыз өзі атап көрсеткендей өңірдің өркендеуіне тың серпін беруін көздеген тарихи шешім көне қаланың әрі қарай дамуына жағдай жасап, айрықша мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.

Бүгінгі таңда мемлекетіміз үшін Түркістан облысы деп аталатын жаңа өңірді дамыту қадамының жөні тіптен бөлек болып отыр. Бұл өз кезегінде 1500 жылдан астам тарихы бар жәдігер қаланың ХХІ ғасырдағы жаңа келбетін танытқалы тұр.

Осы орайда Түркістан қаласының - облыс орталығы болуына байланысты қаланың перспективалы дамуының негізгі бағыттары айқындалды, атап айтқанда:

         Бірінші бағыт – табиғаты рухани және тарихи, мәдени туризм кластеріне лайықты Түркістан аймағын халықаралық туристік орталық ретінде дамыту. Бұл мұндағы құпиясы ашылмаған тарихи тың жәдігерлер мен сыры беймәлім жауһарлардың қайта тыныстап, жаңғыруына жол ашады. Және мұнда әлемдік маңызы бар архитектуралық ескерткіштер мен Ұлы Жібек жолындағы ежелгі бекіністерде сақталған көне қалалардың болуы туризм индустриясын дамытуға мүмкіндік береді.

Мәселен, 2018 жылдың 8 айында қалаға 898 600зияратшылар мен туристер келген болса, оның ішінде 31 375 адам алыс, жақын шетел азаматтары. Келген туристерден 8 айда түскен қаржы 3730,0 млн.теңге. Жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 6,4 пайыз құрайды.

Әлемдік тәжірибиеде туризмнен түскен табыспен ғана күн көріп отырған елдер бар. Оны былай қойғанда, Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегі бойынша, әлемдік жалпы өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 10 пайызын туризм қамтамасыз етеді екен. Әлемдік өндірістегі әрбір тоғызыншы жұмыс орны да осы саланың үлесіне тиесілі. Сондықтан дамыған отыз елдің қатарына енуге талаптанып отырған Қазақстанда туризмді дамытудың маңызы зор. Ал, соның ішінде Түркістан өңірінде туризмді дамытудың мүмкіндігі мол болып отыр.

Түркістанды туризм кластерінің негізіне айналдыру механизмін қаланың аумағына жақын орналасқан тарихи көне ескерткіштер арқылы жүзеге асыруға болады.

Мәселен, Түркістаннан 60 шақырым жерде Отырар оазисі, - ХІХ ғасырдың археологиялық ескерткіш – Арыстан баб Кесенесі орналасқан. Кесене аңыз бойынша Ахмет Ясауидің ұстазы және бүгінде мұсылмандардың зиярат етуші қажылық объектісі болып табылатын діни көріпкел Арыстан бабтың зиратында салынған.

Сауран.Түркістан қаласынан 43 шақырым солтүстік-батысқа қарай, Қызылорда облысының әкімшілік шекарасынан 1,5 шақырым, «Самара - Ташкент» автомобиль трассасынан 2 шақырым оңтүстікке қарай, темір жолдан 500 м. жерде ортағасырлық қамал Сауран үйіндісі орналасқан. Сауран шаһары 12 ғасырда үлкен сауда орталығы болған, аспан астындағы көнеден қалған жәдігеріміз - Түркістандағы Әзірет-Сұлтан мемлекеттік мұражай-қорығының қорғауына кіреді.

Үкаш-ата - Түркістан қаласына қарасты "Серт" елді-мекеннің солтүстігінде 12 шақырым жерде орналасқан. 1996 жылы "Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қармағына берілді. Қорғау аймағы – 100 гектарды құрайды.

Қаратау қорық аумағы -Қаратау жотасының орталық бөлігінде Кентау қаласының аумағында орналасқан. Қорық шығысында Мойынкұм, Қызылқұм мен Бетпақ Дала шөлдаласымен шектеседі. Қорық аумағында қазіргі таңда Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін жануарлардың 15 түрі, соның ішінде құстардың 12 түрі өмір сүреді. Түркістан қаласына жақын жердегі аталған қорыққа экологиялық туризм бағыттарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. 

Одан басқа Сырдария өзеніне жақын жерде су көлігінде серуендеумен, су демалыс аймағын құруға және әуесқойлық балық аулау экскурсияларын ұйымдастыруға болады.

         Екінші бағыт– шағын және орта бизнесті, оның ішінде көтерме және бөлшек сауданы дамыту. Себебі шағын және орта бизнесті дамыту халық әлеуетінің артуына үлкен жол ашады.

Мәселен, 2018 жылдың 8 айында Түркістан қаласында 10012 субъект тіркеліп, оның ішінде шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің жалпы көлеміндегі үлесі 96,5% -ды (9662 субъект) құрады.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің өндірген өнім (жұмыстардың, қызметтердің) көлемі 51,2 млрд.теңгені, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,0%-ды құрады.

         Қала тиісті өңірдегі ірі сауда-логистикалық орталықтардың бірі болып табылады. Республиканың 5 өңіріне (Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан) тауарларға деген сұранысты қамтамасыз ететін тарату орталығы. Сондай-ақ сауданың дамуына қаланың халықаралық маңызы бар теміржол және «Батыс Европа-Батыс Қытай» автомобиль жолының орналасуы ықпал етеді.

          Бұл ретте сауда-логистикалық орталық құрылысына 20,0 гектар жер телімі бөлініп, орталықтың құрылыс жұмыстарына 237,0 млн. теңге инфрақұрылымы жүргізілді. Қазіргі уақытта логистикалық орталықта Аймақтық Үйлестіру Кеңесінің ұсынысы бойынша «Ер-Аман» шаруа қожалығы (2,5 га.) орналасқан. (жобаның құны 162 млн. теңге).

          Алдағы мақсат – логистикалық орталықтың аумағын ұлғайту арқылы қала экономикасын дамыту мен сыртқы сауда айналымын арттыру,  нарықтағы бәсекелестікке жол ашып, бағаның төмендеуіне үлес қосу. Сондай ақ, тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету.

          Үшінші бағыт – өңірде өндеу өнеркәсібін дамыту.

Қазіргі таңда Түркістанның өнеркәсіп саласында 39 кәсіпорын (оның 4 ірі және орта, 38 шағын, 12-і қосалқы қызмет түрлері бойынша)  жұмыс жасайды.2018 жылдың 8 айында өнеркәсіп өнім көлемі 6810,0 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,5 пайызды құрады.

Үдемелi индустриалды-инновациялық дамубағдарламасы аясында 2010-2018 ж.ж. жалпы құны 11 189,2 млн теңгеге 15 жоба енгiзiлдi. Оларда 910 жұмыс орын ашу көзделген. Осыдан  2010-2018 ж.ж. құны 2114,0 млн. теңгенi құрайтын 10 жоба iске қосылып, 532 жұмыс орны ашылды, өндiрiлген өнiм көлемi 1487,0 млн. теңге, жалпы өнеркәсiп өнiмi көлемiндегi үлесi 13,2 пайызды құрады.

2018-2025жылдар аралығында жалпы құны 28 703,2 млн. теңгені құрайтын 47 жоба іске қосылып, 1403 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжамдалуда.

           Төртінші бағыт- Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында қалыптасатын білім беру қызметтерінің кластерін дамыту.

1991 жылы 10 факультетімен ашылған Түркістан мемлекеттік университеті, 1993 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып атауы өзгертілді (8 мың студентімен). Қазіргі таңда жоғары оқу орны түркітілдес 35 елдің (Түрік Республикасы, Кипр Республикасы, Азербайжан, Қырғызстан, Ауғанстан, Түркіменстан, Өзбекстан т.б.) және Ресей Федерациясының аймақтары, Молдова және бірқатар еуропалық мемлекеттердің мамандарын даярлайтын орталыққа айналған.

Одан басқа қаламызда 12 колледжде 6929 студент білім алады. Орта арнаулы білім саласындағы кәсіптік мамандарды жетілдіру. Шаруашылық пен техника саласына қажетті мамандарының қатарын көбейту.

         Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ауқымын кеңейтумен қатар басқа жоғары оқу орындарының филиалдарын Түркістан қаласында ашуға жағдай жасау мәселесін жетілдіру.

          Сонымен қатар туристік ұйымдар ұсынатын қызметтер сапасын арттыру мақсатында туризм саласындағы кадрларды дайындау қажеттілігін қарау. Осы мақсатта мамандардың жетіспеушілігін ескере отырып, Түркістанда арнайы оқу орындарының (орталықтардың, мектептердің) кең желісін ұйымдастыру және қонақ үй менеджементін дамытып, туризм кластерінің қызметін жетілдіруге ең қажетті мамандарды, бұқаралық қызметкерлерді (официанттар, туроператорлар, нұсқаушылар, бағыттаушылар, аудармашылар, автобус жүргізушілері және т.б.) даярлау.

Алдағы уақытта Түркістан қаласының перспективалы дамуы бойынша ауқымды жобаларды іске асыру барысында кез келген күрделі инфрақұрылымды нысандарды салу және жобалаудың нормативті және шынайы мүмкіндіктері жасалып, көп ұзамай жаңа қала бой түзеп, көне шаһар - Түркістанның осы заманғы жаңа келбеті қалыптасатын болады.