Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласына жаңа әкім тағайындалды

2018 жылдың 21-маусым күні Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен ҚР Президенті әкімшілігінің және Түркістан қалалық мәслихатының келісімімен Түркістан қаласы әкімі болып Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев тағайындалды.

Облыс басшысы қала активімен өткізілген бас қосуда облыс орталығы болып Түркістан қаласының бекітілуімен құттықтап, қала  басшысын таныстырды.
Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев 1961 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі инженер-химик-технолог. Еңбек жолын 1983 жылы Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауытының машинисті ретінде бастаған. 1986-2014 жылдары Түркістан қаласы құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинаты зертханасының инженері, мастері, экономисті, цех бастығы, бас инженері, «Қуат Суиндустрия» АҚ, «KazakhConstruction Industry» АҚ Түркістан қаласы рудасыз материалдар комбинаты филиалдарының директоры, Түркістан қалалық мәслихаты хатшысының міндетін уақытша атқарушы, Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Кентау, Түркістан қалалары әкімдерінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының әкімі болып лауазымдарын атқарған. 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында қызмет етіп келді.
Өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы тарихи әрі сындарлы кезеңде Түркістан қаласының әкіміне және әкімдік құрылымдарына артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр және бірлесіп атқаратын шаруаның көп екендігін екендігін жеткізді.

Сондай-ақ, қала әкіміне Түркістан қаласының Бас жоспарын тездетіп әзірлеуді, заман талабына сай қаланың даму динамикасын одан әрі арттыруға қажетті бағыттарды жетілдіруді және тұрғындар мен туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қаланың инфрақұрылымын қалыптастыруды тапсырды. Бұдан өзге, өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы индустриалды аймақта орналасатын инновациялық-инвестициялық жобаларды көптеп тарту, шағын және орта бизнесті жетілдіре отырып, өндірісті дамыту, қаланың логистикалық мүмкіндігін арттыру, қаланы туризм орталығы ретінде дамыту бойынша нақты шараларды қабылдау қала әкімінің басты ұстанымы болуы керектігін айтты.
Жиын соңында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев тарихи кезең тоғысында Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір топ белсенді азаматтарды марапаттады.

 
 
Top
Разработано с JooMix.
We use cookies to improve our website. By continuing to use this website, you are giving consent to cookies being used. More details…