Елдіктің асқақ алаңы

Еліміздегі биіктігі жағынан үшінші алып Ту Түркістанда бой көтерді. «Рәміздер алаңы» деп аталатын әрбір жанның рухын оятатын аллея қасиетті қалаға Шымкент бағытынан кіре берістегі Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің қарсы алдына орналасты.

Мұнда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері көрініс тапқан және елдік мұратты меңзеген қанатты сөздер жазылған арнайы тас тақталар сап түзеген. Көпшіліктің демалыс аймағы ретінде салынған орында адамдар үшін арнайы орындықтары, су сылдырымен әсем әуен шырқалатын субұрқақ бар.

Бұған дейін шаһар басшысы Ә.Өсербаев қала зиялыларын осы нысанның құрылысымен таныстыру барысында «Рәміздерге деген құрмет Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің белгісі болып табылады. Сондықтан еліміздің оның ішінде Түркістан қаласы тұрғындарының патриоттық рухын арттыру, туған жерге және оның Рәміздеріне деген құрметін, мақтанышын оятайық деген мақсатпен осы «Рәміздер алаңы» аллеясын салып отырмыз», - деген болатын. Сол «Рәміздер алаңы» аллеясының құрылысы бүгінде өз мәресіне таяды.    

Тәуелсіз мемлекетіміздің жаршысы Қазақстан Республикасының Туы ілінген тұғырдың биіктігі 62,5 метрді құрайды. Ал Тудың ені 12 метр болса, ұзындығы 24 метр. Мамандардың айтуынша биіктігі жағынан еліміздегі үшінші Ту ретінде саналып отыр. Нысанның құрылысына қала бюджетінен 226,3 млн. теңге қаржы қаралған.

Рәміздер - біздің ұлттық арымыз бен намысымыз. Ендеше тарихи шаһардың орталығынан бой көтерген «Рәміздер алаңына» құрметпен қарайық.

 

 
Top
Разработано с JooMix.
We use cookies to improve our website. By continuing to use this website, you are giving consent to cookies being used. More details…