Түркі әлемінің мәдени астанасы – түркістанның қала күні өтті

 

Түркістан қаласының «Қала күні» және «Алтын күз» мерекелері аталып өтті. Дүбірлі тойдың басында қала қонақтары және зиялы қауым өкілдері арнайы дайындалған автобуспен қаладағы құрылыс нысандарымен танысты. Соның ішінде қайта жаңғыртылған Н.Оңдасынов кешенінің ашылу салтанатына қатысты. 
Аталмыш кешен бастапқы кейіпінен өзгеше түрге енген. Жасыл газонмен көмкерілген орында демалыс бастырмалары, жарықшамдар, аяқжол, орындықтар және кіреберіс жеріне соңғы үлгідегі құрылыс материалдарымен қапталған арка орнатылған. Жаңаша кейіпке енген кешенді тамашалаған көпшілік қала орталығының көркейіп келе жатқанына ризашылықтарын білдірді. Осылайша бастау алған мерекелік жиында қатысушылар қаладағы М.Әбенова, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы, Б.Майлин, О.Жандосов көшелерінің абаттандыру жұмыстарымен танысты. Негізгі көшелер болып табылатын жолдардың жиегіне аяқжолдар, лотоктар, жарық бағаналары мен сол бағанаға ұлттық нақышта өрнектелген оюлар ілінген. Бұдан бөлек жаңадан бой көтеріп жатқан «Рәміздер алаңы», «Түркі бағы» аллеяларының таныстырылымы болды. Айта кетерлігі «Рәміздер алаңы» аллеясында биіктігі 62,5 метрді құрайтын алып ту орнатылған. Бұл еліміздегі өзге қалаларда бой көтерген тулардың биіктігімен салыстырғанда қасиетті мекендегі ту үшінші болып саналады. Ел азаматтарына рух беретін бұл нысанның бой көтеруін осы күннің өзінде қала халқы жақсылыққа балап, мемлекеттік рәміздерді көрген жас ұрпақтың патриоттық рухының жоғары болатынын, туған жерге деген мақтаныш сезімінің жоғары тұратынын айтуда. Сол секілді, Н.Назарбаев көшесін бойлай орын тепкен «Түркі бағы» аллеясының да өзіндік мән-мазмұны жоғары. Биылғы жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Түркістанда түркі халықтары бірлігіннің белгісі ретінде бой көтерген аллея бауырлас халықтардың символына баланып отыр.
Осы күні таңғы сағат 10.00-ден бастап орталық Есім хан алаңында ауылшаруашылық және өндірістік тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған қалаға қарасты 12 ауылдық округтен және өндіріс орындарынан 25 тонна ауылшаруашылығы өнімдері мен қайта өңделген өнімдер арзан бағада тұтынушыларға ұсынылды. Сонымен бірге, алаңда қала көркемөнерпаздары мен жоғары және арнаулы оқу орындарының концерттік бағдарламасы, спорттық ойындар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі өтіп жатты. 
Ал, мерекелік шараның ресми бөлігі кешкі сағат 18.00-де басталды. Қала әкімі Ә.Өсербаев барша түркістандықтар мен қала қонақтарына ыстық лебізін жеткізді. Онда ол Түркістан қаласының маңыздылығы тоқтала келіп, өңірде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. «Биыл Түркістан қаласында жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Отырар» мөлтек ауданында 60 пәтерлі 8 үй пайдалануға беріліп, 480 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында қаламыздағы 7 мың абонентке газ құбыры тартылды. Қаламызға кіре беріс көшелер қайта абаттандырылып кеңейтілді. Сонымен бірге, 45 көшеге орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары мен тас төселсе, орталық көшелерге лоток арықтар мен аяқжолдар салынды. Есім хан алаңы қайта жаңғыртылып, кеңейтілді. Арнайы жарықшамдар орнатылып, демалыс бастырмалары бой көтерді. Бұдан бөлек әлеуметтік сала аясындағы білім саласында биылғы жыл ішінде 2 балабақша, 1 мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Оған қоса «Бекзат» мөлтек ауданында спорт кешені өз жұмысын бастады. Ал, қаламыздағы негізгі табыс көзі болып саналатын ауылшаруашылығы саласында еңбеккерлеріміздің маңдай терімен атқарған жұмыстарының арқасында 9 айдың қорытындысы бойынша өңірімізде 31 млрд. 649 млн. тенгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 117 пайызға артты», - деген шаһар басшысы жиында Түркістан қаласы «Құрметті азаматтарының» жаңа есімдері атап марапаттаса, белсенді азаматтарға Оңтүстік Қазақстан облысына және Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін мерекелік медальдарын да табыстады. Сондай-ақ, таяу арада әлемдік және халықаралық спорт жарыстарында еліміздің көк туын желбіреткен Бибарыс Әбдіғани (самбодан жастар арасында әлем чемпионы), Айжан Жылқыбаева (самбодан жабық ғимараттағы Азия ойындарының жеңімпазы), Жадыра Пайызға (Әлем чемпионатының күміс жүлдегері) қаржылай сертификаттар табысталды.
Мерекелік күннің көркін қыздырған жергілікті өнерпаздар мен Қазақстан эстрада жұлдыздары Ерке Есмахан мен Ернар Айдар қала халқына ерекше қуаныш сыйлады.

 

 

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

 

Top
Разработано с JooMix.
We use cookies to improve our website. By continuing to use this website, you are giving consent to cookies being used. More details…