Түркістанда ұлы ақынның ескерткіші ашылды

 

Түркістанда қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаевтың ескерткіші ашылды. Ақынның өз атымен аталатын №15 мектеп-гимназиясының алдында бой көтерген ескерткіштің ашылу салтанатына Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек, мағжантанушы-жазушы Жарасбай Сүлейменов, Заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы және бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шарада сөз алған қала әкімі игі іске мұрындық болған жандарға бараша түркістандықтар атынан алғыс білдіріп, аталмыш шараны рухани жаңғыру жолындағы қарымды қадам беп бағалады. Сондай-ақ, ұлы ақынның есімімен аталатын мектеп-гимназиясына жаңа ғимарат салынғанын оның материалдық-техникалық базасының жаңғыртылғанын жеткізді. Бұдан соң «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, мағжантанушы-жазушы Ж.Сүлейменов бұл игі шараның маңызының ерекшелігін айта келе, Мағжанның жалынды жырларының ешқашан өшпейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің атынан мектепке компьютерлік сыныбы сыйға тартылғанын да назардан тыс қалдырмады. Белгілі заңгер Б.Тұрғараев келер жылы ақынның туғанына 125 жыл толу мерекесіне орай мектеп ұжымына Мағжан жырларын жатқа айтудан байқау өткізу жайындағы ұсынысын жеткізе келе, демеушілікті өз мойнына алатындығын айтты. Жиында белгілі әнші-сазгер Сауранбек Елеуов Мағжанның «Түркістан» өлеңіне жазған патриоттық рухтағы әнін орындаса, Мағжан Жұмабаев мектеп-гимназиясының шәкірттері ақын өлеңдерін үш тілде жатқа айтып берді.
Аталған ескерткіштің бас демеушісі «Оңтүстік Жарық» коммуналдық мекемесінің президенті Нәби Айтжанов болса, мүсінді дүниеге әкелген Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, профессор Азат Баярлин.

 

 

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

 

Top
Разработано с JooMix.
We use cookies to improve our website. By continuing to use this website, you are giving consent to cookies being used. More details…