Түркі халықтарының басын қосқан түркістан

nauryz 7Қасиетті Түркістан жерінде «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының ашылу салтанаты мен Түркі халықтарының Наурыз мерекесіне арналған «Наурызнама» атты салтанатты шарасы өтті.

Сол күні дүбірге толы Түркістанның төрінде сөз бастаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев барша жұртшылықты «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанған жылдың басталуымен құттықтап, осы абыройлы міндетті бірлесе өткізуге шақырды.

Осылайша жырақтағы түркітілдес халықтардың басы қосылған жиынға жиырма үш мемлекеттен ат арытып келген бес жүзге тарта қонақ қтысты. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, бауырлас елдердің жоғары лауазымды ресми өкілдері де осы күні Түркістандағы тойдың қадірлі қонағы болды.

Елдік маңызы бар тарихи шара Елбасы назарынан да тыс қалған жоқ. Жиын барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың арнайы құттықтауын оқып берді.

Құттықтау хатта: «Баршаңызды түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы саналатын Түркістан қаласының түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып жариялануымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл тарихи шешім – түркітілдес мемлекеттердің, ТҮРКСОЙ ұйымының елімізге деген құрметі мен Қазақстанның халықаралық аренадағы зор абырой-беделінің тағы бір жарқын көрінісі.

nauryz 5Түркістан орта ғасырдан бастап түркі тілдес халықтардың маңызды рухани орталығы болып келеді. Ұлан-ғайыр Еуразия өңірінің мұсылмандары Қожа Ахмет Яссауи кесенесін Орталық Азия мен Қазақстандағы ең қастерлі орын ретінде кие тұтып, тәу етуді дәстүрге айналдырғанына тарих куә.

Үш ғасырдай Қазақ хандығының астанасы болып, халқымыздың көптеген игі жақсылары жерленген бұл қала әрдайым киелі мекен болып қала бермек.

Осы айтулы оқиғаны мазмұнды етіп өткізу мақсатымен Түркістанда жыл бойы халқаралық конференциялар мен жиындар, фестивальдар мен көрмелер ұйымдастырылатын болады. Бұл шаралар түркі халықтарының достығы мен бірлігін одан әрі нығайтып, тарихымызды қастерлеуге, тәуелсіз еліміздің рухани тұрғыдан кемелденіп, қаланың туристік орталық ретінде таныла түсуіне игі ықпал ететіні сөзсіз.

Бүгінде барша түркі халықтары ежелге ер түріктің рухын жаңғыртып, қайта асқақтату мақсатында ортақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтап, дамытып, оларды келер ұрпаққа жеткізу ісіне барынша белсене атсалысулары қажет.

Баршаңызды бабалар рухы қолдасын! Жылдың мазмұнды да тағлымды өтуіне тілектеспін,» делінген.

Сол секілді сенатор Қуаныш Айтаханов өз ықыласымен қатар Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді.

Айта кету керек, мерекелік іс-шараға келген меймандар, ең алдымен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасына жерленген қазақ хандары, абыз-әулиелері, билері мен батырларына арналған пантеонмен танысты. Мұнан соң, меймандар Түркістан тарихи музейін аралап, ондағы жәдігерлермен танысты. Ал қолөнер шеберлерінің ауылына бас сұққан халайық түрлі бұйымдарды өздігінше жасап көріп, бір сәт бағзы заманға тап болғандай әсер алды. 

Мұнан соң, осынау тарихи шара барысында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Баспасөз сыйлығы» шетелдік және қазақстандық 15 үздік журналистке тапсырылып, мереке жалғасы әлемдік деңгейдегі концерттік бағдарламаға ұласты. Онда 500-ге жуық биші күн мен түн, жұлдыздар бейнесінде «Күн мен Түннің теңелуі және Табиғаттың оянуы» театрландырылған сазды-хореографиялық қойылымын көрсетті. Сондай-ақ, Түркітілдес халықтарға ортақ ұлы тұлғалар - Арыстан баб, Яссауи, Әл-Фараби, Қорқыт ата образдарындағы көрініс сахналанса, Қазақ хандары киелі шаңырақты көтеріп, ондағы уықтарды өңіріміздегі 20 этномәдени орталықтың өкілдері ұстауымен бейбіт еліміздегі тұрақтылық пен татулықты паш етті. 

nauryz 2Концерттік бағдарлама барысында «Сүйінші. Шашу» көрінісі қойылды. Онда Ұлттық киімдегі  аттылы жаршылар «Наурыз» келгені  жөнінде сүйінші сұрап, шашу шашты. Алаңда Түркітілдес мемлекеттерге арналған 6 киіз үй көтеріліп, Түркітілдес мемлекеттердің «Наурыз» керуені келді. Керуенде 18 түйе, 30  ат, 4 арба және Түркітілдес мемлекеттерден келген 300-ге жуық мәдениет майталмандары өнер көрсетті. 

Сондай-ақ, осы күні түс ауғанда «Түркістан және Түркология» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Түркологияның өзекті мәселелері ғылыми талқыға түскен алқалы жиынға алыс-жақын шетелдер мен қазақстандық 100-ден аса ғалымдар мен қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. 

Отырысқа модераторлық еткен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев бүгінгі ғылыми басқосу тілі, ділі, діні, тегі бір түркі халықтарының мәдени ықпалдастығы мен өркениет бірлігін жаңғыртып, бүгінгі жағдайын баяндау арқылы терең тарихынан сыр шертетініне сенім білдірді. 

«Киелі шаһар «Мәдени жыл» эстафетасын қабылдап, тарих тұғырында таңбаланар айтулы күннің куәгері болып отырмыз. Түркілік қайта өрлеу дәуірінің жемісін көрудеміз. Бұл кешегі түркілердің бірлігін аңсаған Түрік көсемі Ататүрік пен Алаштың арда ұлы Мұстафаның асқақ арманы еді. Біздің мығым бірлігіміз, тұтастығымыз – ортақ руханияттың алтын қайнары, сарқылмас ғылым бұлағы. Түркі әлемі бірлігінің бүгінгішынайы жанашыры, Түркі әлемінің ақсақалы атанған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен іске асқан түркі бірлігінің айшықты көріністерінің бірегейі бүгінгі шара деп білемін», - деді Ж.Түймебаев. 

nauryz 9Басқосуда ғылыми конференцияның құрметті қонақтары ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Мұстафа Рухи Өзбилгич, ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов сынды бірқатар азаматтар құттықтау сөз сөйледі. Ал Назарбаев Университетінің профессоры, (Винсон-Мадисон/АҚШ) Юлай Шамилоғлы, Қазақстан Ғалымдар одағының Президенті, доктор, профессор Оразалы Сабден, Түркия Республикасы, Мармара университетінің профессоры Томар Женгиз бен Ресей Ғылым Академиясының докторы, профессор Фирдаус Хисамитдинова баяндама жасады. Ғалымдар «Түркістанның түркі тарихы мен мәдениетінен алатын орны», «Қ.А.Ясауидің түркілік ислам идеологиясын қалыптастырудағы рөлі», «Тарихи жазба деректер мен көне жәдігерлерді зерттеудің маңыздылығы» мен «Б.Кенжебайұлы және түркітанудың өзекті мәселелері» бағыттарын талқылап, пікір алмасты. 

Айта кету керек, «Түркістан жәнеТүркология» халықаралық конференциясында 8 мемлекет тарапынан ұсынылған 115 ғалымының баяндамалары жинақталып, қатысушыларға ұсынылды. Аталған ғылыми жобалар Түркі жастарының білім ордасына айналған Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде білім алатын жастардың ғылыми ізденістеріне үлкен септіктерін тигізетін болады. Конференцияда айтылған пікірлер мен ұсыныстар ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының басты мақсатында көрсетілгенТүркі дүниесі халықтарының ортақ өткені мен тарихының, тілі мен әдебиетінің, мәдениеті мен өнерінің зерттеулері болашақ ұрпақтарға мұра болады деген сенім бар. 

nauryz 1Думанды Наурыз той мерекесіне орай, Қожа Ахмет Ясауи кесене маңында этно ауыл құрылып, онда ұлттық нақыштағы киіз үй әбзелдерімен әрленген 12 қанатты 33 киіз үй тігілді. Дастарханға ұлттық тағамдарымыз – қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, наурыз көже, құрт, ірімшік, сірне, қаймақ, бауырсақ, ши бауырсақ, жент секілді жеңсік астар қойылды. 

Сонымен бірге, әз Наурыз мерекесінде 1 тоннадан астам палау дайындалып, 1 500 литр Наурыз көже үлестірілді.

Мұнан бөлек, келушілер ежелгі қазақ ауылында қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптейтін түрлі шаралары мен ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарды тамашаласа, жастар жағы алты бақанда сайран салды. 

Сонымен қоса, мәртебелі меймандар әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері ұйымдастырған тұсау кесер рәсіміне қатысса, өңір басшысы Ж.Түймебаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы және «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейіновтер түркістандық балдырғанның тұсауын кесті. 

Түркі тілдес елдерден келген меймандар Түркістанда өткен осынау «жаңару» күніндегі торқалы тойдан ерекше әсер алып, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің тәрбиелік мағынасы тереңде жатқанын жеткізді.

Top
Разработано с JooMix.
We use cookies to improve our website. By continuing to use this website, you are giving consent to cookies being used. More details…