Мен өзімді-өзім жұмыспен қамтушымын. Ерікті зейнетақы жарналарын аудара аламын ба?

Сіз жеке тұлға ретінде ерікті жарналарды өз табысыңыздың есебінен өз пайдаңызға немесе үшінші тұлғаның пайдасына аудара аласыз. Сәйкесінше ерікті жарналар өзіңіздің және үшінші тұлғаның зейнетақы капиталын толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте ерікті жарналардың мөлшерін, оларды аудару және Қордан алу тәртібін Қормен өзара келісе отырып өзіңіз белгілейсіз.

Айта кетелік, айлық табысыңызға қарай ерікті зейнетақы жарналарының мөлшері ай сайын өзгеріп тұруы мүмкін. Ерікті жарналарды өзіңіз төлеуіңіз қажет. Бұл үшін БЖЗҚ-мен зейнетақы шартын жасасып, ерікті жарналарды Қордың шартта көрсетілген деректемелеріне банк арқылы аударып тұрасыз.  

Қазіргі кезде ерікті жарналар бойынша шот ашудың екі жолы бар. Бірі – жеке басты куәландыратын құжатпен Қор бөлімшесіне келу арқылы, екіншісі – үйде отырып-ақ, Қордың ресми сайты арқылы ашу. Соңғысы өткен жылдың шілде айында іске қосылған. Бұл қызметті пайдалану үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Ал оны Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО) береді. Бұл туралы толық ақпаратты Қор сайтынан оқи аласыз.