ӘКІМНІҢ ҚҰТТЫҚТАУ СӨЗДЕРІ

 

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне арналған сөз

Құрметті түркістандықтар!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Халық бірлігі – қасиетті сөз. Халық бірлігі болған жерде несібеміз бен құт-берекеміз ортақ. Сондықтан 1 мамыр мерекесінің басты құндылығы осы.

Қадірменді ағайын!

Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған осы ынтымағымыз бен бір-бірімізге деген бауырмалдығымыз. Жаугершілік заманда басы ауған жаққа көшіп жүріп те берекесі мен қазанын ортайтпаған қасиетті қанағатшыл ағаш бесік пен жер бесік арасындағы біреуге ұзақ, біреуге шолақ өмір жолдарында өзін өзекке теппей, өзгенің қызылына қызықпай, ұлтымыз терең кемеңгерлікпен, ешқашанда тарылмаған кеңдігімен құшағын кеңейтіп келеді.

Біз осындай дархан пейіліміздің арқасында, бүкіл әлемге ынтымағы жарасқан, халқының пейілі кең ел ретінде танылдық. Бізді шет мемлекеттер осылай елестеді.

Ардақты әлеумет!

Өздеріңіз білетіндей, қай кезде де болмасын жоғары табысқа жетумен бірге оны сақтап тұру бар. Сол себепті біз мемлекетіміздің әрбір жетістігін бағалай отырып, оның сақталуына өз тарапымыздан ықпал етуіміз керек. Мұндай әрекет – біздің елдігіміздің баға жетпес құндылығы болып есептеледі.

Сондықтан біз осындай мереке арқылы қазақстандықтардың патриоттық сезімдерін көтеріп, тәуелсіздігімізді мақтанышпен насихаттауымыз керек деп есептеймін. Өйткені, еліміздің тәуелсіздік жылдарында болашақты болжай білетін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік.

Құрметті қала тұрғындары!

Мен әрдайым өз сөзімде біздің мақсатымыз әр мерекені тойлау ғана емес, сол басқосуда бірлесе отырып болашақты ойлауға шақырамын. Мәселен, осындағы әрқайсыңыз әрбір шаңырақтың үлгі тұтар азаматысыздар. Сіздерге ағайын-туыстарыңыз, жора-жолдастарыңыз үміт артады. Сондықтан еліміздің салиқалы саясаты және осы жердегі ұлағатты сөздер, өңіріміздегі берекелі істер өздеріңіз арқылы қаламыздағы әрбір азаматқа жеткізілуі керек деп есептеймін.

Еліміз қазіргі таңда қабырғасы қатай­ған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкіл­де­рі құлақ асатын беделді елге айналды. Ер­кін­дікті аңсаған ата-баба арманы іске асып, тәуелсіздікке қол жетті.

Қадірменді жерлестер!

Бейбітшілік пен татулықтың арқасында бізді болашақта бұдан да жарқын, баянды күндер күтіп тұрғанына сендіргім келеді.
Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!

Осы орайда баршаңызды тағы да бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, жалпы түркістандықтарға зор денсаулық, отбасыларына құт-береке, бақыт тілеймін.

Бірлігіміз бекем болсын ардақты ағайын!

_______________________________________________________________________________

1 маусым «Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай құттықтау сөз

Қымбатты балалар!

Жадыраған жаздың алғашқы күнінде өздеріңнің төл мерекелерің — Балаларды қорғау күні де келіп қалды. Бұл күн — балалардың әрдайым қамқорлықта болуын, ал үлкендердің олар үшін жауапкершілікте болуын еске салатын күн. Сондықтан еліміздің ертеңгі тірегі болатын сендердің болашақтарыңды баянды ету біздің парыз. Яғни мемлекетіміз сендердің болашақтарыңа үлкен сенім артып, барлық жағдайларды жасап отыр.

Бұл — сендер үшін ең маңызды күн. Өйткені, ол өздеріңнің еншілеріңе тиген төл мейрамдарың болып есептеледі. Ендеше, осындағы барлығыңызды мерекелеріңмен құттықтаймын!  

Қадірменді түркістандықтар!

Балаларымыздың, тәрбиесі бесіктен басталатыны баршамызға аян. Мемлекетіміздің саясаты да алдымен балалардың дұрыс өсіп жетілуіне, тәрбиеленуіне үлкен көңіл бөлуде. Ол жұмыстардың барлығы бүлдіршіндеріміздің болашағы үшін. Сондықтан баршаңыз отбасында бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, оларды мейірімділікке тәрбиелеңіздер. Мұндай тәрбиенің біз үшін маңызы зор. Өйткені халықтар арасында бейбітшілікті берік ұстанған мемлекетіміздің осы бағыттағы абройы өте жоғары.

Міне, осы орайда мемлекетіміздің тыныштығын сақтауда әрбір отбасы тәрбиелі, білімді азамат өсіру үшін өзінің үлесін қосуы керек. Сонда ғана болашақта еліміздің тыныштығы берік, дамуы қарқынды болады. 

Ендеше балаларымыздың мерекесі құтты болсын! Әрбір отбасында балалар саны артып, еліміздің тұғырын биік ұстайтын бүлдіршіндеріміз өсе берсін! 

_____________________________________________________________________________

8 наурыз халықаралық әйелдер күні

мерекесіне арналған құттықтау

Құрметтіақ жаулықты аналар, аяулы арулар!

Сіздерге 8 наурыз әйелдер күнімен құттықтауымды жолдаймын.

Әйел барлық қиындықты жеңе білетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы.

Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол өмірге және мемлекеттің саяси мәселелеріне белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі.

Сіздерге айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер ешуақытта толастамасын. Көктемнің басымен келетін мерекелік көңіл-күй сергектіктеріңіз бен күш-жігерлеріңіздің қуат көзіне айналсын. Баршаңыздың отбасыларыңызға әрқашан бақыт және сәттіліктер тілеймін!

__________________________________________________________________________

9 мамыр Ұлы Жеңіскүніне орай құттықтау сөз

Ардақты Ұлы Отан соғысы ардагерлерi мен тыл ардагерлерi!

Бұл күні адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын соғыс Ұлы Отан соғысы аяқталды. Екінші дүниежүзілік соғыс, біз үшін Ұлы Отан соғысына 6 материктің сол кездегі әлемнің дербес 60-тан астам елі қатысқан болатын.

Айбынды білек, жеңістеріне сенімді кешегі жігіттер бүгінгі, өнегелі аталарымыздың арқасында 1945 жылдың 9 мамыр күні Ұлы мейрам – жауды жеңіп, соғысты жеңіспен аяқтадық!

Бүгінде Жеңіс күні мерекесі адамдардың ұлтына, дініне, тілі мен мәдениетіне қарамастан ортақ қуаныш күні. Бұл қастерлі мейрамның мән мағынасы уақыт өткен сайын еш өшпек емес, себебі оның құндылығы  ғасырлар бойы жаңа жас буын ұрпаққа өсиет боларлық Ұлы күн!

Мемлекетімізден Ұлы Отан соғысына бір миллионнан астам ержүрек жауынгерлер қан майданға аттанған. Соның ішінде қаламыздан 18 мың 547 азамат соғыс даласында қолына қару алып, фашизмнің сақадай сай әскери күштеріне қарсы тұруға тура келді.

Ауылдан келген жас жігіттер кешегі қырмандағы жұмыстан бірден майданның алдыңғы шебіне түссе де, ұлтымыздың болмысына сай ерліктерімен көзге түсті. Дегенмен өңірімізден Кеңес әскерінің қатарына қосылған жауынгерлеріміздің 15 мың 960-ы туған жерге оралды.

Қадірменді ағайын!

Қан майдан, сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс, күймейсің» -деген ұранмен шайқасқан, бүгінгі күні санаулы қалған ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың өтелмес парызы деп есептеймін. Осы ұлы парыз жолында Елбасымыз бастап, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің және тыл еңбеккерлерінің тұрмысын жақсартуға үнемі мән беріп келеді. Сондай-ақ, ардагерлерімізге деген қамқорлық пен құрмет үнемі жалғасын таба беретін болады.

Құрметті түркістандықтар!

Бұл Жеңіс болмағанда көптеген елдер мен халықтардың тағдыры басқаша қалыптасып, Қазақстанымыз да тәуелсіз ел болмас па еді?

«Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ер қолында» - деп батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, ардагерлер - Қазақстан халқына бейбітшілік, тыныштық, береке, бақыт орнатқандар. Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, бізді жеңіске жеткізген ағаларымызбен бабаларымызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күндерді жақындатқан аналарымызды да мақтан тұтамыз.

Ардақты майдангер ағалар, аяулы аналар!

Сіздер Отанға деген шын сүйіспеншілікпен, үлкен ерлікпен, ел қорғау сезімідеріңізбен келер ұрпаққа үлгі болдыңыздар. Сондықтан еліміздің тарихында, жалпы әлем тарихында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі өшпес ерліктерімен мәңгілікке жазылып қалды.

Уақыт алмасады, Ұрпақ өзгередi, бiрақ Отанға сүйiспеншiлiк, ерлiк пен жауынгерлiк рухымыз өзгерiссiз қалады.

Ендеше Ұлы Жеңiс күнiнде баршаңызға ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ пен береке, елiмiз бен жерiмiзге бейбiт өмiр тiлеймiн.

Баршаңызды тағы да ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын!

__________________________________________________________________________

«Тәуелсіздік күні» мерекесіне арналған құттықтау

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды ұлық мереке - Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Кешегі ата-баба аңсаған Тәуелсіздік ұғымын бүгінгі ұрпақ жете түсінері анық. Дүниедегі мыңдаған халықтар мен ұлыстардың барлығы егемен ел болуды мақсат тұтады. Дегенмен, өз мемлекетін құрып, шын мәніндегі ел болып отырғандары олардың 200-ден астамы ғана екен. Соның арасында бақытты өмір мен тәуелсіздікті армандап, оған қол жеткізу жолында қаншама қан мен тер төккен халықты тарихтан білеміз.

Мұндай бақытсыздық пен баянсыздық қауіпі біздің ұлттың да басына төнгені белгілі. Алайда азаттықтың ақ таңын аңсаған ата-баба арманы біздерге бұйырды.

Құрметті ағайын!

Ендеше «Ынтымақ жүрген жүрде, ырыс бірге жүреді» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Бірлігіміздің арқасында, Елбасының сарабдал саясатын ұстанып, тәуелсіздік жылдары іргелі мемлекет болып қалыптастық, өзгемен тереземізді теңедік, тұрмысымызды түзедік. Бұрын қиял болып көрінген жетістіктерге қол жеткіздік. Ендеше ұлы дана халқымыз: «Бақыт - бірлікте, байлық - еңбекте» - деген. Сондықтан еліміздің болашағын, яғни келер ұрпақтың баянды ғұмыр кешуі үшін біздер әлі де талмай еңбек етуіміз қажет.

Осы орайда «Түркістан - ер түріктің бесігі ғой» деп Мағжан ақын жырлағандай бұл қаланың сан ғасырлар бойы елдің басын біріктіріп, рухани негізін сақтап қалуға сіңірген еңбегі ұшан теңіз екенін айта кетуіміз керек. Түркістан ежелгі заманда да, қазіргі уақытта да  үлкен саяси орталық ретіндегі рөлін атқарып келгенін білесіздер. Оның дәлелі мәр төбеде елдің игі жақсылары ылғи бас қосып, уәжге келіп, мұнда келелі мәселелердің шешіліп отырғаны тарихтан белгілі. Түркістанның әрбір көшесі тарихи беттерге толы. Осындай тарихы тереңнен сыр шертетін қаламыздың Тәуелсіздік жылдарындағы бағындырған белестері осындағы сіздердің жұмыла жұмыс жасауларыңыздың арқасы деп білемін.  

Тәуелсіздік сіздер мен біздер үшін және ізімізді жалғастырар жас ұрпақ үшін баға жетпес байлық. Осы жолда ен даланы еркін жайлаған еліміз басын бәйгеге байлаған. Әйтсе де, олар ешқашан бас еркіндігін елдіктен жоғары қоймаған.

Осы орайда бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні баршаңызға бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің туы асқақтай берсін. 

__________________________________________________________________________

Жаңа жылға арналған құттықтау сөзі

Құрметті ағайын, қадірлі әріптестер!

Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын ерекше мерекеміз. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен аттағанды қалайды.

Осы тұрғыда жаңа жыл ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалатын жарқын да көңілді, табысты әрі мақсатты жыл болуын тілеймін!

Қадірменді түркістандықтар!

         Біз осынау бүкілхалықтық мереке үстінде Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған реформаларының арқасында қол жеткізген табыстарымызды үлкен мақтанышпен айтамыз.

Осы орайда, өткен жыл еліміз үшін оның ішінде біздің қасиетті қаламыз үшін де шын мәнінде бірлік пен берекенің, ел тілегі жүзеге асқан, серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды.

Сол тірліктер, алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретін болады. Ол үшін тек қана ауызбіршілік пен тұрақтылық керек деп есептеймін.

Ардақты ағайын!

Келер жыл өмірімізді мәнді оқиғаларға, татулық пен жасампаздыққа толтырғай! Ортақ шаңырағымыздың жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша азаматтарға бейбіт өмір, тыныштық, мол жақсылық тілеймін.Жаңа жыл үлкен үміт, шаттық пен қуаныштың жылы болсын! 

_____________________________________________________________________________

«Қала күні» мерекесіне арналған құттықтау сөз

Құрметті түркістандықтар!

Баршаңызды «Қала күні» мерекесімен құттықтаймын!

Кез келген ел, кез келген ұлт өзінің Отанымен мақтанады. Сол секілді біздер де тәуелсіз еліміздің рухани астанасы қасиетті қаламызбен мақтанайық.

Біз барлығымыз бірігіп қасиетті өңіріміздің болашағы үшін атсалысып, жұмыс жасап келеміз. Соның нәтижесінде қаламыз бүгінгідей түрге еніп, жасарып жайнап келеді. Және де біздер осы күнге жеткен жетістіктерімізбен тоқтап қалмаймыз. Сондықтан біздің алдағы жетістіктеріміз бүгінгіден де жарқын болады.

Қала экономикасының қазіргі даму деңгейі біздің мақтанышымызға лайық деп есептеймін. Оның дәлелі Елбасымыздың алдымызға қойған міндеттерді кезең-кезеңімен шешуге қол жеткізіп отырмыз. Ендеше бұл бағыттағы жұмыстарда түркістандық әрбір азаматтың еңбегі бар екендігін де естен шығармауымыз керек.

Сондай-ақ, бүгінгі мерекемен бірге шаруаларымыздың жыл бойына атқарған еңбектерінің нәтижесін көретін «Алтын күз» мерекесі қоса тойланып отыр. Бұл салада биылғы жылы шаруалар жемісті еңбек ете білді. Нәтижесінде диқандарымыз біршама қиындықтарға қарамай, еңбекпен келген өнімді жинап алу үшін әрекет етуде. Оған қоса, мал өсірумен оның өнімін арттыру сияқты игілікті істер де нәтижесін беріп, ауыл шаруашылығы қызметкерлері биылғы «Алтын күз» мерекесін айтарлықтай табыстармен қарсы алып отыр. Айта кетерлігі, қаламызда ауыз толтырып айтарлықтай жан жадыратар жаңа бастамалар жетерлік.

         Ардақты ағайын!

Қорыта келгенде, мерекелі күннің мақсаты – тек қана көңіл көтеріп, той тойлау емес, керісінше өткенімізді саралау арқылы болашағымызды бағдарлап, әрбір азаматтың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеруге қолайлы жағдай жасауды көздейді. Оған жетуге біздің қалада барлық мүмкіндіктер бар.

Сондықтан мерекелік сәтте баршаңызды тағы да «Қала күні» және «Алтын күз» мерекелерімен құттықтаймын!

Сүйікті шаһарымызда береке-бірлік нығайып, құт-мекеніміздің абыройы арта берсін!

____________________________________________________________________________

Құрбан айт мерекесіне арналған құттықтау сөз

Құрметті Түркістан қаласының тұрғындары!

Барлықтарыңызды қасиетті мейрам – Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын!

Адам өмірінде әр мерекенің орны бөлек. Соның ішінде Құрбан айт – бірлік пен бейбітшіліктің мейрамы. Аталған күндердің адамдар арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі зор. Сондықтан, бұл күндері тәуелсіз Қазақстан халқының басым бөлігін құрайтын мұсылмандар қауымы өзге дін, өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарауы керек. Адамдарды бір-бірінен алыстатпай, қайта жақындата түсуді насихаттайтын тура дін – Ислам әрдайым жақсылық жасап, әділ болуға шақырады. Осынау ұлы мейрамды еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен мемлекеттік деңгейде атап өтуге қол жеткізілді.

Сол себепті, тәуелсіз Қазақстанның 70 пайызын құрайтын Ислам дінін ұстанушылар ынтымақ-бірлігі, достығымен дүниежүзінің назарын өзіне аударып, үлгі болуы біз үшін мақтаныш.

Біздің Құрбан айт намазымыздан, шалған құрбандығымыздан, тіпті отандас қажылардың қажылыққа бару мақсаты – татулық, адамдардың бірлігі мен ынтымағын күшейту.

Осы орайда, әрбір азаматтың бір-біріне деген бауырмашылықтарын арттырып, мұқтаж жандардың осы күндері мерейлерін арттыруына үлкен пайдасын тигізетін Құрбан айт мейрамымен тағы да құттықтаймын!

Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын. Ұлы мерекеде әр отбасына бақыт, береке тілеймін. Деніміз сау, жұртымыз тыныш, елімізде тек жақсылықтар бола берсін!

____________________________________________________________________________

«Тұңғыш Президент күні» мерекесіне арналған құттықтау сөз

         Құрметті түркістандықтар!

Баршаңызды мерейлі мереке «Тұңғыш Президент күнімен» құттықтаймын!

Еліміздегі тарихи таңдау күнi болып саналатын бұл сәтті мен барша қазақстандықтардың Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төңiрегiне топтасу күнi деп есептеймін.

Өйткені өзінің мемлекеттік рәміздері бар тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргесін бекіткен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халық алдында еңбегі зор.

Осы сәтте күрмеуі көп қиын шақта, өзіне сенім артқан жұртын ешқандай қантөгіссіз өркениетке жетелеген және дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қоса білген Президенттің орны ерекше.

Мәселен, өткен күндерді бір төбе деп қарасақ, ғасырларға тең Тәуелсіздік жылдары ел мерейін тасытып қана қоймай, халықтың әлеуметтік ахуалы, өңірлердегі инфрақұрылымдардың қалыптасуы, заман табалына сай әлеуметтік нысандардың бой көтеруі әлем елдерінің мемлекетімізге деген сенімі мен құштарлығын арттырғаны сөзсіз. Сондай-ақ, 1997 жылы Елбасының бастамасымен елордамыз Алматыдан Сарыарқа төріне көшірілді. Он жылдың ішінде жаңа Астананың негізгі құрылысы толықтай салынып бітті. Сөйтіп әлем назарын өзіне аударған ХХІ ғасырдың келбетті шаһары пайда болды. Сол істердің жалғасы іспеттес – мемлекетіміз әлем елдерінің бас қосып, бәтуаласатын орталығына айналды.

Соның ішінде «Түркістан ежелден келе жатқан біріктіруші функциясынан жаңылған емес және түркі тілдес елдерді біріктіруші тірек болып табылады», деп Елбасымыз ерекше екпін берген қаламыздың да Тәуелсіздік жылдарында ажары ашылып, әлеуетті едәуір арта түсті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қала халқының саны шамамен 150 мыңнан астам адам болса, бұл көрсеткіш қазіргі таңда 250 мыңға жуықтап отыр. Демографиялық көрсеткіш те арта түсуде. 46 ұлттың өкілі тату-тәтті тұрмыс кешкен қаламыздың жалпы өңірлік өнім көлемі жыл сайын артып келеді.

Осы орайда «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген, аталарымыздың қанатты сөзге тоқтағым келеді. Шынында да бүгінде Елбасыға тіреу болып, бастар іске демеу болып жүрген текті халық ұрпағы мына сіздерсіздер, қадірменді ағайын.

Қиын-қыстау кезеңдерде жұдырықтай жұмылудың үлгісін танытып, дархан пейілдің арқасында ұлт пен ұлыстың панасы болған кең жүректі халқымызға сенім артып, тұңғыш Президентіміз «Ел көшін бастау маған сын, мені қостау-елге сын...» деп, даналықтың үлгісін паш етті. Ендеше сол елім деген ардақ ұлдың ерім дейтін еліне лайықты болу сіздер мен бізге сын.

Ендеше, халқына қуаныш сыйлаған «Тұңғыш Президент күнi» мерекесi құтты болсын. Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Елімізде тыныштық, халықтың бiрлiгi мен ынтымағы арта берсін!

 

 

Top
Разработано с JooMix.
We use cookies to improve our website. By continuing to use this website, you are giving consent to cookies being used. More details…