ӘКІМ АППАРАТЫ

«Түркістан қаласы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары

«Түркістан қаласы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің
сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары

 

1.     Қоғамдық қатынастар саласының атауы:

Түркістан қаласы әкімі аппараты.

2.    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды әзірлеуші:

«Түркістан қаласы әкімі аппараты» ММ(бұдан әрі – қала әкімі аппараты).
3.    Қала әкімі аппараты қызметкерлерінің мінез-құлық (іс-қимыл) ережелері.

3.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттармен қозғалатын салада жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асырған кезде қала әкімі аппараты қызметкерлеріне:

1.  Лауазымдық өкілеттігін орындауға байланысты жеке мақсатында азаматтар мен заңды тұлғалардың қызметін пайдалануға;
2.  Өзі қызметте тұрған, не өзіне тікелей бағынысты немесе бақылауындағы мемлекеттік органда үшінші тұлғалардың істері бойынша өкіл болуға;
3.  Кәсіпкерлікжәне өзге де табыс табумен байланысты әрекетті жүзеге асыруда кімге болса да, Қазақстан Республикасы заңнамасымен қарастырылмаған кез-келген жәрдем көрсетуге;
4.  Жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамасымен беру көзделген ақпаратты негізсіз беруден бас тартуға, немесе оны кешіктіруге, дұрыс емес немесе толық емес ақпарат беруге;
5.  Облыстық мәслихат депутаттарының және облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің  жеке басы жөніндегі мәліметтерді беруге;
6.  Жеке және заңды тұлғаларға, олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға кедергі келтіруге;
7.  Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу өкілеттіктерін, сондай-ақ оған бақылау жасау және қадағалауды осындай қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаларға табыстауға;
8.  Өзінің мемлекеттік немесе оған теңестірілген функцияларын орындағаны үшін, егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше көзделмесе, тұлға тиісті фукцияларды орындамайтын ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан кез келген ақша, көрсетілетін қызмет және өзге де түрдегі сыйақы қабылдауға;
9.  Өзінің мемлекеттік немесе оған теңестірілген функцияларын атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілер мен оған қызметі бойынша тәуелді өзге де адамдардан жалпы қамқорлығы немесе қызмет бойынша қолдау көрсеткені үшін сыйақы немесе көрсетілетін қызмет қабылдауға;
10. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың жеке сипаттағы мәселелерін шешу кезінде ықпал ету үшін қызметтік жағдайын пайдалануға тыйым салынады.

3.2. Өз құзыретінің шеңберінде басқару және өзге де шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде қала әкімі аппараты қызметкеріне:
1.  Шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсетуге;
2.  Лауазымдық өкілеттігін орындауға қатысы жоқ және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен нұсқаулар беруге;
3.  Өзінің немесе жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерін қанағаттандыруға байланысты мәселелерді шешу кезінде өзінің лауазымдық өкілеттіктерін пайдалануға;
4.  Мемлекеттік қызметке түскен және жоғарлаған кезде заңда көзделмеген артықшылықтар (тамыр-таныстық, жекжаттық) беруге;
5.  Мүдделердің шиеленесуіне жол беруге тыйым салынады, ал олар туындаған жағдайда заңнамаға сәйкес оларды жою бойынша шаралар қабылдауы қажет.

3.3. Нормативтік құқықтық актілер жобаларын даярлау кезінде;
Қала әкімі аппараты қызметкерлерімен әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Құқықтық актілер туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 10 қазандағы №568 «Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы», №569 «Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы» Қаулыларына сәйкес болуы тиіс.

3.4. Тыныс-тіршілік саласы ерекшелігіне байланысты туындайтын өзге де қарым-қатынастар кезінде:
1.  Заңда ол үшін тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік белгіленген теріс қылықтар және өзге де құқық бұзушылықтар жасалуына жол бермеу;
2.  Іскерлік этикет пен ресми мінез-құлық ережелерін сақтау;
3.  Басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік этика нормаларын бұзушылықтарға жол бермеу немесе өзге де шараларды қабылдау;
4.  Ұжымда әріптестерінің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін олардың жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан аулақ болу;
5.  Басшылардың тапсырмаларын орындау барысында тек объективті және анық мәліметтер беру.

4.    Өзге де шектеулер мен тыйым салулар.

4.1. Қала әкімі аппараты қызметкерлері:
1.  Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуі, мемлекеттік тілге және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауы;
2.  Адал, әділ, қарапайым болуы, жалпы жұрт қабылдаған моральдық-этикалық нормаларды сақтауы, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуы;
3.  Олар қабылдаған шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуі;
4.  Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын қабылданған шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуі;
5.  Мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін,  мемлекеттік органдардың жұмыс істеуіне  кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруы;
6.  Қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейін және біліктілігін көтеруі, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйым салуларды сақтауы;
7.  Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы;
8.  Мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуі, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта пайдалануы;
9.  Қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауы, өзінің қызметтік міндеттерін адал, әділ және сапалы атқаруы, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануы;
10. Мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұрауларына толық сүйене отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдауы;
11. Құжаттардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуі, жоғалуы, бұрмалау (жалған құжат жасау) мүмкіндігін болдырмауы, құжатты орындамау және бір құжатты қайта орындау, орындамай негізсіз қайтаруды болдырмауы тиіс;
12. Өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде мемлекеттік қызметшінің сыртқы түрі мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуі, жалпыға бірдей қабылданған іскерлік стильге сәйкес болуы тиіс, ол ресмилігімен, ұстамдылығымен, ұқыптылығымен өзгешеленуі қажет.

2016 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы

2016 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы

Бюджет

Қала бойынша 2016 жыл бюджетке түсетін салықтар мен басқа түсімдердің жоспары 101,0 пайызға орындалды немесе 270,6 млн. теңгеге  (жоспар –27985,3 млн. теңге, нақты- 28255,8 млн. теңге), 2015 жылмен салыстырғанда 6299,7 млн.теңгеге артық.

Оның ішінде  өзіндік жергілікті түсімдер 2534,8 млн. теңгеге жоспарланып,  2805,4 млн. теңгеге немесе 270,6 млн. теңгеге артығымен орындалып, 110,7 пайызды құрады, 2015 жылмен салыстырғанда 769,5 млн.теңгеге артты.

Өнеркәсіп

Қала бойынша 56 кәсіпорын, оның ішінде 8 ірі-орта, 36 шағын, 12-і қосалқы  қызмет түрлері бойынша жұмыс жасайды. Оларда ағымдағы жылы 13677,8 млн. теңгенің (2015 жылы 11701,7 млн.теңге)  өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,0 пайызды құрады  (обл.104,4 пайыз).

Оның ішінде, кен өндіру өнеркәсібі 489,2 млн.теңгеге (2015 жылы 351,9 млн.теңге) орындалып, нақты көлем индексі 105,2 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 11373,5 млн.теңгенің өнімін өндіріп, 103,9 пайызды, электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемі 1309,4 млн.теңгені, 119,4 пайызды, сумен жабдықтау 505,7 млн.теңгені, 118,0 пайызды құрады.                                                           

Үдемелі индустриалды-инновациялық дамубағдарламасы аясында  2010-2016 жж жалпы құны 4465,7  млн.теңгеге 18 жоба енгізілді. Оларда 885 жұмыс орын ашу жоспарланған. Осыдан 2010-2016 жж құны 2493,0 млн.теңгені құрайтын 13 жоба іске қосылып, 574 жұмыс орны ашылды, өндірілген өнім көлемі 1610,2 млн.теңгені құрап, жалпы өнеркәсіп өнімі көлеміндегі үлесі 11,8 пайызды құрады.                                                                                              

Оның ішінде, 2017 жылы 311 жаңа жұмыс орынды құрайтын жоба құны 1972,7 млн.теңгеге 5 жоба іске қосылады.

Индустриалды  аймақ

Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта (40 га) 847,0 млн теңгеге инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Жалпы аймақта 11028,2 млн.теңге, 14  жоба, 720 жұмыс орны құрылады. (Индустриалды аймақтың  34,4 гектарында  14 жоба орналастырылған болса, 5,6 га   инфрақұрылым  жүйесі  құрап отыр.)

Бүгінгі таңға 4 кәсіпорын мемлекеттік қабылдаудан өтті («Түркістан трасса» ЖШС, «Азрет жол құрылыс» ЖШС, «Kadiris» ЖШС, «Гранд микс» ЖК), 128 жұмыс орны ашылып, 610,0  млн. теңге инвестиция тартылды.

Сауда -логистикалық орталық

Сауда-логистикалық орталығын салуға жалпы алаңы 20,0 гектар жер телімі бөлініп, орталықтың құрылысына 237,0 млн.теңге бөлінген.Онда жобалық құны 4792,0 млн. теңгені құрайтын 10 жоба орналастыру жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылы 3 жоба іске асырылып, 60 жаңа жұмыс орындары  құрылады.

  Шағын және орта бизнес                                                     

Белсенді шағын және орта бизнес субъектілері саны  12700 бірлік (2015 жылы 12868 бірлік), жұмыспен қамтылған адам саны 33308 (32654) құрап 2,0 пайызға, өнім көлемі (жұмыс, қызмет) 87,2 млрд.теңгені құрап, 2,1 пайызға, бюджетке төленген салық 1657,1 млн.теңгені құрап, 4,2 пайызға артты.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы 2016 жылы 3317 азаматқа қызметтер көрсетіп, 2015 жылмен салыстырғанда 23,1 пайызға артқан (2015 жылы - 2695). Оның ішінде, рұқсат беру құжаттары бойынша - 1005, кәсіпкерлік кеңес беру - 1495, бизнес жоспар жасау - 91, заңгерлік қызмет - 260, даярлау курстарын  оқыту – 467 қызмет көрсетілген.

Ауыл  шаруашылығы

2016 жылы қаланың ауылшаруашылығы саласында 37186,3 млн. теңгенің (2015 жылы 24991,8 млн.теңге) ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді, өткен жылмен салыстырғанда 106,5 пайызға артық (104,9 пайыз). Оның ішінде, мал шаруашылығы 15555,6 млн.теңгені құрап, 102,0 пайыз, егін шаруашылығы 21630,7 млн.теңгені құрап, 109,6 пайыз болды.

2016 жылы жалпы 43660 га жерге егін егіліп, егіс көлемі 106,2%-ға игерілді (жоспар 41100 га).

Көп жылдық екпелерді (1934,55 га жеміс, жүзім) қоса есептегенде 45429,0 га суармалы жер игеріліп, тапсырма (42000 га) 108,1%-ға орындалды.

Жаңадан жайылым жерлердің санатын суармалыға ауыстыру арқылы 533,5 га жер айналымға қосылып, тапсырма (300 га) 177,8%-ға орындалды.

2016 ж. терең қопсыту технологиясын 6634,5 га жерге ендіріп, тапсырма 102,1%-ға орындалды (6500 га).

         Қала аумағында 2017 жылдың 1 қаңтарына көлемі 47,46 гектар болатын                533 дана жылыжайлар бар.

Тамшылатып суару әдісін 700 гектар жерге енгізу жоспарланса, 2433,5 гектар жерге енгізіліп, жоспар 347,6 пайызға орындалды.

94 ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жоспарланып, тапсырма 102,2 пайызға орындалды. Жалпы ауылшаруашылығы техникаларының  саны 3604 бірлікті құрап, жыл сайын артуда.

Мал өнімдері: ет 14,7 мың тн 102,9%-ға, сүт 62,4 мың тн 100,9%-ға, жұмыртқа 10,2 млн. дана 101,0%-ға өсті.

«Сыбаға» бағдарламасыбойынша 7132 бас ірі қара мал алынып, тапсырма  (2000 бас) 356,6 пайызға орындалды. Қаржы институттары арқылы («Казагронесие» АҚ, «Түркістан несие», «Яссы несие» серіктестіктері) 45 жоба 430,9 млн. теңгеге қаржыландырылып, 2343 ІҚМ аналығы, 124 бұқа сатып алынды.

 «Құлан» бағдарламасыбойынша 206 бас жылқы аналығы сатып алынып, жылдық жоспар (100 бас)  2 есе орындалды. Қаржы институттары арқылы 6 жоба 58,6 млн. теңгеге қаржыландырылып, 191 жылқы аналығы, 14 айғыр сатып алынды. Өз қаржысы арқылы 15 бас бие, 1 бас айғыр сатып алынды.

 «Алтын асық» бағдарламасыбойынша 8663 бас аналық қой алынып (жылдық жоспар 2100 бас), тапсырма 4,1 есе орындалды. Қаржы институттары арқылы 23 жоба 171,45 млн теңгеге қаржыландырылып, 6331 қой аналығы, 357 қошқар  сатып алынды.

 «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мал шаруашылығын дамыту іс-шараларының 2014-2016 жылдарға арналған жоспары» аясында 245 бірлік шағын мал бордақылау алаңдары ашылып, жылдық тапсырма (230 бірлік),  106,5  пайызға орындалды. Жалпы 629 бірлікті құрап,тірі салмақта 5275 тн ет өндірілді.

2016 жылы 39 шағын жанұялық сүт аулаларын ашу жоспарланып,  44 бірлік шағын жанұялық сүт аулалары ашылды, тапсырма 112,8 пайызға орындалды. Жалпы 114 бірлікті құрап, 1778 тн сүт өндірілді.

«Жұртшылық табынға (падаға) асыл тұқымды бұқа алу»бойынша 50 бас бұқа сатып алуға тапсырма беріліп, 95 бас бұқа сатып алынды, 190,0 пайызға орындалды. Жайылым жерлерден 61 бірлік құдық қазылып, тапсырма (15 бірлік)   406,7 пайызға орындалды.

Түркістан қаласы бойынша тұқымдық түрлендіруге 14309 бас ІҚМ аналықтары қатысуда, ол жалпы ІҚМ аналықтарының (27443 бас) 52,1%-н құрайды.

Білім саласы

Есепті мерзімде, қала бюджетінің 61,4 пайызы  немесе 17153,7 млн. теңгесі білім беру саласына бағытталды.

Білім беру саласының құрылыстарына 674,2 млн.теңге, атап айтқанда,  Төреқұлов  атындағы мектеп құрылысына 202,0 млн.теңге, 120 орынды Шорнақ ауыл округіндегі балабақша құрылысына 210,7 млн.теңге, Жүйнек ауыл округіндегі 120 орынды балабақша құрылысына 57,7 млн.теңге, Қарашық ауыл округіндегі 120 орынды балабақша құрылысына 57,7 млн.теңге, Сатыпалды көшесіндегі 280 орынды балабақша құрылысына 146,1 млн.теңге игерілді.

Сонымен қатар, 397,5 млн.теңгеге 7 мектеп күрделі жөндеуден өтті.

Одан бөлек, «Жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 2 балабақшаны  ағымдағы жөндеуге 12,5 млн.теңге жаратылды.

Қала бойынша барлығы  73 мектеп, оның ішінде  ауылдық жерлерде 40 (20 аралас, 20 қазақ), қалада 33 (17 аралас, 16 қазақ) мектеп орналасқан. Оларда 53810 оқушы білім алуда.

2015-2016 оқу жылында мектеп бітіруші 2631 түлектердің  1493-і  немесе 56,7 пайызы (1148 қазақ, орыс, 345 өзбек) ҰБТ тапсырды. Жалпы ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысы бойынша  орташа білім көрсеткіші – 81,59 баллды құрап, (85,0 балл).

145 «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер ішінен 66 оқушы (45,5%),  59 «Үздік» аттестат алуға үміткерлер ішінен өз білімін 40 оқушы (67,8%) растады. Өткен жылы 70 оқушы «Алтын белгі», 29 оқушы «Үздік» аттестат алған болатын.

2015-2016 жылы бітіруші түлектердің 449-ы грантқа, 132-сі «Серпін» бағдарламасы  бойынша жоғары оқу орнына түсті.

 «Балапан» бағдарламасы

Қала бойынша 3-6 жастағы бала саны 21664 құрайды. Жалпы 54 балабақшада, оның ішінде мемлекеттік 32 балабақшада 6145 бала, 22 жекеменшік балабақшада 2555 бала, 63 шағын орталықтарда 9209 бала, барлығы 17909 бала балабақшамен қамтылып, 82,7%  құрап отыр.

 Денсаулық сақтау

2016 жылы денсаулық сақтау саласында Шорнақ ауыл округінде ауысымына 100 адам қабылдайтын емхана құрылысына 100,0 млн.теңге бөлініп құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сметалық құны 247,0 млн теңге, нысан өтпелі.

Одан бөлек, «Бекзат» мөлтек ауданындағы №3 ересектер емханасының филалына 33,7 млн.теңгеге, Үшқайық ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке 18,2 млн.теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Психоневрологиялық интернаттың жатын корпусының құрылысын аяқтауға 199,4 млн.теңге қаржы жаратылып іске қосылды.

Сондай-ақ, «№3 облыстық перинаталдық орталықтың»  150 койкалық қосымша құрылысының ЖСҚ дайындауға  15,0 млн.теңге қаржы игерілді.

 Әлеуметтік сала

Қалада халық саны 258,7 мың адамды, оның ішінде экономикалық  тұрғыдан белсенді халық саны 89,6 мың адамды құрады. Ресми жұмыссыздарсаны 327 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 53 адамға кеміп, ресми жұмыссыздық деңгейі 0,3 пайызды құрады.

Кешенді жоспарды іске асыру аясында 4280 адамды қамту жоспарланса, нақты 5013 адам қамтылды, немесе 117,1 пайызға орындалды.

Бағдарламаның 1 бағыты«Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету». Бұл бағытты ұйымдастыру мақсатында жалпы 35 жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен  666, 7 млн.теңге бөлінді. Жобаны жүзеге асыру барысында 233 жұмыс орындары ашылу жоспарланып, оның  124 адамы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру жоспарланса, мекеме арқылы 276 адам, орталық арқылы 176 адам жолданды.   

Бағдарламаның 2 бағыты«Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру»

Жалпы бағдарламаға қатысушы 193 азамат 540,6 млн. теңге несиемен қаржыландырылды. Оның ішінде 88-і өз ісін ашуға, қалған 105 азамат өз ісін кеңейтуге алған.

Бағдарламаның 3 бағыты«Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу»

 -90 азамат қайта даярлау курсына жіберілді.

 - 533( жоспар 500) нысаналы топтағы азаматтар әлеуметтік жұмысқа жолданды, 106,6%. 116 мекемеде 533 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 

-394( жоспар350) адам жастар практикасына жолданды, 112,6%. 95 мекемеде 160 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

-443 (жоспар 650) жұмыссыз азаматтар  16 мекемеге ақылы қоғамдық жұмысқа жолданды.

-3299 (2504 адам) адам тұрақты жұмысқа орналасты,131,7 %.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының 3 бағыты 2 компоненті «еңбек күші жетіспейтін өңірлерге еңбек күші мол өңірлерден ерікті түрде қоныс аударту».

   Түркістан қаласы бойынша 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысына  5 отбасы  23 адам қоныс аударды.

Мәдениет және спорт, туризм

Мәдениетсаласында  жыл басынан 1240 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 228,6 мыңға жуық адам қамтылды.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекесіне орай «25 жұлдызды күн» атты түрлі іс-шаралар жүзеге асырылды.

2017 жылы – Түркістан  түркі дүниесінің мәдени астанасы  болып жариялануына байланысты іс-шаралар бағдарламасы жасалды. Бағдарлама  ТҮРКСОЙ  ұйымымен  келісілген жобада түзілді. Жыл  бойы  жалғасатын халықаралық шараға  10-ға тарта бауырлас  түркі  дүниесі  мемлекеттерінен 1000-ға  жуық қонақтар  келеді  деп  күтілуде. Осы  шаралардың өткізілуі  арқылы  Түркістан  қаласының  дүние  жүзіне  таныла түсу  мүмкіндігі арта  түседі.

Спорт саласында 320 іс-шаралар өткізіліп, 62500 адам қамтылған, өткен жылмен салыстырғанда 20 іс-шараға, 6800 адамға артып отыр.

Түркістан қаласында 366 спорт нысандары бар. Оның ішінде: 3 стадион, 4 спорт кешені,  20 ату тирі, 258 спорт ойын алаңдары, 2 теннис корты, 6 жүзу бассейні, 76 спорт залдары және 1 ыңғайластырылған спорт залдар бар.

  2016 жылы «Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасы бойынша Шорнақ, Аша, Қаражон елді мекендерінен ашық спорт алаңдары салынып, «Бекзат» мөлтек ауданында  спорт кешенінің құрылысы аяқталып пайдалануға берілді.

Туризм саласы

        Түркістан қаласының ішкі және сыртқы туризммен 2015 жылы  жалпы 1025,0 мың адам қамтылған. Оның ішінде  шетелдіктер саны-20, 425 мың адам.  2016 жыл 1060,0 мың адам, оның ішінде 22,593  мың адам шетелдіктерге туризм бойынша қызмет көрсетілген. 

2016 жылдың тамыз айында  қала орталығында туристердің шоғырланатын аймақта Түркістан қаласы “Туристiк ақпараттық орталығы” ашылған.  Туристерге қызмет көрсету үшін ағылшын, түрік тілдерін меңгерген 2 қызметкер қызмет етуде.

Құрылыс

Қаламызда 2016 жылы «Отырар» мөлтек ауданында көп қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысына облыстық бюджеттен 596,0 млн. теңге қаржы бөлініп нысан толығымен аяқталып пайдалануға берілді, сонымен қатар «Отырар» мөлтек ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымына республикалық бюджеттен 669,0 млн. теңге бөлініп қаржы толығымен игерілді. Сондай-ақ, «Отырар» мөлтек ауданындағы көп қабатты 60 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысына облыстық бюджеттен 15 млн. теңге бөлініп аталған нысандардың құрылыс жұмыстары басталды. Нысан 2017 жылға өтпелі жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда.

Сондай-ақ «Отырар» мөлтек ауданында «Қазақстан ипотекалық компаниясының» қаржыландыруымен 9 қабатты 72 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға берілді, бүгінгі күнге Түркістан қаласы бойынша баспана кезегінде 4250 отбасының 264-і баспанамен қамтамасыз етілді. Биылғы жылға 60 пәтерлі сегіз тұрғын үй және «Қазақстан ипотекалық компаниясының» қаржыландыруымен 60 пәтерлі 4 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, яғни, 720 отбасы баспаналы болады.

Инвестиция

Негізгі капиталға 20679,4 млн. теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға артты.

 Оның ішінде, 1335,5 млн. теңгесі   республикалық   бюджет  есебінен (30,4 пайыз), 6344,5 млн. теңгесі жергілікті бюджет есебінен (118,9 пайыз), 10661,2 млн. теңгесі кәсіпорындардан және халықтың өз қаржысы есебінен (130,3 пайыз),  2264,6 млн. теңгесі қарыз қаражаттары (88,2 пайыз)  есебінен тартылды.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 11863,5 млн.теңгені құрады (100,1 пайыз). Пайдалануға берілген тұрғын  ғимараттардың жалпы алаңы 51999 шаршы метрді құрап, 34,4 пайызға артты. Тұрғын үй құрылысына 3602,2 млн.теңге (2,5 есе) инвестиция бағытталды.

Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласы

Ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыстарына 2016 жылға жалпы  2599,8 млн.теңге, атап айтқанда Түркістан қаласын сумен жабдықтау 1,7,8 сақиналары бойынша магистральді желілерінің құрылыстарына 1691,4 млн. теңге, Қарашық елді мекенін ауыз сумен қамту (2-кезек) бойынша 251,9 млн.теңге, Тұран елді мекеніндегі  су өткізгішінің құрылысына 452,4 млн.теңге, Түркістан-Қызылорда тас жолы бойындағы тұрғын массивін сумен қамтамасыз ету құрылысына 204,1 млн.теңге жаратылды.

Нәтижесінде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету 90,0 пайызды құрап отыр.

Табиғи газбен қамтамасыз ету

Қала аумағын мемлекеттік бағдарлама аясында бюджеттен қаржы бөлініп «Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету (1 кезек)» нысаны бойынша құрылыс жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлініп, құрылысы жүргізілді. Аталған нысан бойынша 2016 жыл соңында 7500 абонент, ондағы тұрғын саны 30000-нан астам халық табиғи газбен қамтылып, жалпы көрсеткіші 16,4 % құрайды.

Электрмен қамтамасыз ету құрылыстарына 1060,7 млн.теңге, атап айқанда«Бекзат» шағын ауданын электрмен қамтамасыз ету құрылысына 66,6 млн. теңге, Түркістан-Шәуілдір тас жолы бойындағы  тұрғындар алқабын электр қуатымен қамтамасыз ету құрылысына 460,7 млн.теңге, Ыждыхат тұрғындар массиві Айтеке би көшесіндегі үйлерге электр жүйелерінің құрылысына 380,2 млн.теңге, Орталық тұрғындар  массивінің электр жүйелерінің құрылысына 153,2 млн.теңге игерілді.

Автокөлік жолдары

Түркістан қаласында 1365 көше, оның ішінде қалада 875 көше (764 шқ), ауылдық жерлерде 490 көше (520 шқ) бар.

2016 жылы 15 (16,5 шқ) көшеге тас төсеуге, 10 (6,9 шқ) көшені орташа жөндеуге, 16 көшені ағымдағы жөндеуге 233,3 млн.теңге, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауыл округтеріндегі 5 (6,6 шқ) көшені орташа жөндеу жұмыстарына 32,2 млн.теңге қаржы жаратылды.

Одан бөлек, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша 14 көшені (20,4 шқ) ағымдағы жөндеу жұмыстарына 255,7 млн. теңге игерілді.

Қоғамдық қауіпсіздік

Есепті мерзімде қалада 2016 құқық бұзушылықтар тіркеліп, 1,4 пайызға өсті. Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 153 жағдай тіркеліп, 16,8 пайызға кеміді. Қылмыстың ашылуы 72,6 пайызды құрады.

Қоғамдық орындарда 535 құқық бұзушылықтар тіркеліп, 31,4 пайызға,   көшелерде 284 жағдай тіркеліп, 30,3 пайызға кеміген.

ӘКІМНІҢ ҚҰТТЫҚТАУ СӨЗДЕРІ

 

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне арналған сөз

Құрметті түркістандықтар!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Халық бірлігі – қасиетті сөз. Халық бірлігі болған жерде несібеміз бен құт-берекеміз ортақ. Сондықтан 1 мамыр мерекесінің басты құндылығы осы.

Қадірменді ағайын!

Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған осы ынтымағымыз бен бір-бірімізге деген бауырмалдығымыз. Жаугершілік заманда басы ауған жаққа көшіп жүріп те берекесі мен қазанын ортайтпаған қасиетті қанағатшыл ағаш бесік пен жер бесік арасындағы біреуге ұзақ, біреуге шолақ өмір жолдарында өзін өзекке теппей, өзгенің қызылына қызықпай, ұлтымыз терең кемеңгерлікпен, ешқашанда тарылмаған кеңдігімен құшағын кеңейтіп келеді.

Біз осындай дархан пейіліміздің арқасында, бүкіл әлемге ынтымағы жарасқан, халқының пейілі кең ел ретінде танылдық. Бізді шет мемлекеттер осылай елестеді.

Ардақты әлеумет!

Өздеріңіз білетіндей, қай кезде де болмасын жоғары табысқа жетумен бірге оны сақтап тұру бар. Сол себепті біз мемлекетіміздің әрбір жетістігін бағалай отырып, оның сақталуына өз тарапымыздан ықпал етуіміз керек. Мұндай әрекет – біздің елдігіміздің баға жетпес құндылығы болып есептеледі.

Сондықтан біз осындай мереке арқылы қазақстандықтардың патриоттық сезімдерін көтеріп, тәуелсіздігімізді мақтанышпен насихаттауымыз керек деп есептеймін. Өйткені, еліміздің тәуелсіздік жылдарында болашақты болжай білетін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік.

Құрметті қала тұрғындары!

Мен әрдайым өз сөзімде біздің мақсатымыз әр мерекені тойлау ғана емес, сол басқосуда бірлесе отырып болашақты ойлауға шақырамын. Мәселен, осындағы әрқайсыңыз әрбір шаңырақтың үлгі тұтар азаматысыздар. Сіздерге ағайын-туыстарыңыз, жора-жолдастарыңыз үміт артады. Сондықтан еліміздің салиқалы саясаты және осы жердегі ұлағатты сөздер, өңіріміздегі берекелі істер өздеріңіз арқылы қаламыздағы әрбір азаматқа жеткізілуі керек деп есептеймін.

Еліміз қазіргі таңда қабырғасы қатай­ған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкіл­де­рі құлақ асатын беделді елге айналды. Ер­кін­дікті аңсаған ата-баба арманы іске асып, тәуелсіздікке қол жетті.

Қадірменді жерлестер!

Бейбітшілік пен татулықтың арқасында бізді болашақта бұдан да жарқын, баянды күндер күтіп тұрғанына сендіргім келеді.
Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!

Осы орайда баршаңызды тағы да бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, жалпы түркістандықтарға зор денсаулық, отбасыларына құт-береке, бақыт тілеймін.

Бірлігіміз бекем болсын ардақты ағайын!

_______________________________________________________________________________

1 маусым «Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай құттықтау сөз

Қымбатты балалар!

Жадыраған жаздың алғашқы күнінде өздеріңнің төл мерекелерің — Балаларды қорғау күні де келіп қалды. Бұл күн — балалардың әрдайым қамқорлықта болуын, ал үлкендердің олар үшін жауапкершілікте болуын еске салатын күн. Сондықтан еліміздің ертеңгі тірегі болатын сендердің болашақтарыңды баянды ету біздің парыз. Яғни мемлекетіміз сендердің болашақтарыңа үлкен сенім артып, барлық жағдайларды жасап отыр.

Бұл — сендер үшін ең маңызды күн. Өйткені, ол өздеріңнің еншілеріңе тиген төл мейрамдарың болып есептеледі. Ендеше, осындағы барлығыңызды мерекелеріңмен құттықтаймын!  

Қадірменді түркістандықтар!

Балаларымыздың, тәрбиесі бесіктен басталатыны баршамызға аян. Мемлекетіміздің саясаты да алдымен балалардың дұрыс өсіп жетілуіне, тәрбиеленуіне үлкен көңіл бөлуде. Ол жұмыстардың барлығы бүлдіршіндеріміздің болашағы үшін. Сондықтан баршаңыз отбасында бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, оларды мейірімділікке тәрбиелеңіздер. Мұндай тәрбиенің біз үшін маңызы зор. Өйткені халықтар арасында бейбітшілікті берік ұстанған мемлекетіміздің осы бағыттағы абройы өте жоғары.

Міне, осы орайда мемлекетіміздің тыныштығын сақтауда әрбір отбасы тәрбиелі, білімді азамат өсіру үшін өзінің үлесін қосуы керек. Сонда ғана болашақта еліміздің тыныштығы берік, дамуы қарқынды болады. 

Ендеше балаларымыздың мерекесі құтты болсын! Әрбір отбасында балалар саны артып, еліміздің тұғырын биік ұстайтын бүлдіршіндеріміз өсе берсін! 

_____________________________________________________________________________

8 наурыз халықаралық әйелдер күні

мерекесіне арналған құттықтау

Құрметтіақ жаулықты аналар, аяулы арулар!

Сіздерге 8 наурыз әйелдер күнімен құттықтауымды жолдаймын.

Әйел барлық қиындықты жеңе білетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы.

Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол өмірге және мемлекеттің саяси мәселелеріне белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі.

Сіздерге айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер ешуақытта толастамасын. Көктемнің басымен келетін мерекелік көңіл-күй сергектіктеріңіз бен күш-жігерлеріңіздің қуат көзіне айналсын. Баршаңыздың отбасыларыңызға әрқашан бақыт және сәттіліктер тілеймін!

__________________________________________________________________________

9 мамыр Ұлы Жеңіскүніне орай құттықтау сөз

Ардақты Ұлы Отан соғысы ардагерлерi мен тыл ардагерлерi!

Бұл күні адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын соғыс Ұлы Отан соғысы аяқталды. Екінші дүниежүзілік соғыс, біз үшін Ұлы Отан соғысына 6 материктің сол кездегі әлемнің дербес 60-тан астам елі қатысқан болатын.

Айбынды білек, жеңістеріне сенімді кешегі жігіттер бүгінгі, өнегелі аталарымыздың арқасында 1945 жылдың 9 мамыр күні Ұлы мейрам – жауды жеңіп, соғысты жеңіспен аяқтадық!

Бүгінде Жеңіс күні мерекесі адамдардың ұлтына, дініне, тілі мен мәдениетіне қарамастан ортақ қуаныш күні. Бұл қастерлі мейрамның мән мағынасы уақыт өткен сайын еш өшпек емес, себебі оның құндылығы  ғасырлар бойы жаңа жас буын ұрпаққа өсиет боларлық Ұлы күн!

Мемлекетімізден Ұлы Отан соғысына бір миллионнан астам ержүрек жауынгерлер қан майданға аттанған. Соның ішінде қаламыздан 18 мың 547 азамат соғыс даласында қолына қару алып, фашизмнің сақадай сай әскери күштеріне қарсы тұруға тура келді.

Ауылдан келген жас жігіттер кешегі қырмандағы жұмыстан бірден майданның алдыңғы шебіне түссе де, ұлтымыздың болмысына сай ерліктерімен көзге түсті. Дегенмен өңірімізден Кеңес әскерінің қатарына қосылған жауынгерлеріміздің 15 мың 960-ы туған жерге оралды.

Қадірменді ағайын!

Қан майдан, сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс, күймейсің» -деген ұранмен шайқасқан, бүгінгі күні санаулы қалған ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың өтелмес парызы деп есептеймін. Осы ұлы парыз жолында Елбасымыз бастап, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің және тыл еңбеккерлерінің тұрмысын жақсартуға үнемі мән беріп келеді. Сондай-ақ, ардагерлерімізге деген қамқорлық пен құрмет үнемі жалғасын таба беретін болады.

Құрметті түркістандықтар!

Бұл Жеңіс болмағанда көптеген елдер мен халықтардың тағдыры басқаша қалыптасып, Қазақстанымыз да тәуелсіз ел болмас па еді?

«Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ер қолында» - деп батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, ардагерлер - Қазақстан халқына бейбітшілік, тыныштық, береке, бақыт орнатқандар. Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, бізді жеңіске жеткізген ағаларымызбен бабаларымызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күндерді жақындатқан аналарымызды да мақтан тұтамыз.

Ардақты майдангер ағалар, аяулы аналар!

Сіздер Отанға деген шын сүйіспеншілікпен, үлкен ерлікпен, ел қорғау сезімідеріңізбен келер ұрпаққа үлгі болдыңыздар. Сондықтан еліміздің тарихында, жалпы әлем тарихында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі өшпес ерліктерімен мәңгілікке жазылып қалды.

Уақыт алмасады, Ұрпақ өзгередi, бiрақ Отанға сүйiспеншiлiк, ерлiк пен жауынгерлiк рухымыз өзгерiссiз қалады.

Ендеше Ұлы Жеңiс күнiнде баршаңызға ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ пен береке, елiмiз бен жерiмiзге бейбiт өмiр тiлеймiн.

Баршаңызды тағы да ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын!

__________________________________________________________________________

«Тәуелсіздік күні» мерекесіне арналған құттықтау

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды ұлық мереке - Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Кешегі ата-баба аңсаған Тәуелсіздік ұғымын бүгінгі ұрпақ жете түсінері анық. Дүниедегі мыңдаған халықтар мен ұлыстардың барлығы егемен ел болуды мақсат тұтады. Дегенмен, өз мемлекетін құрып, шын мәніндегі ел болып отырғандары олардың 200-ден астамы ғана екен. Соның арасында бақытты өмір мен тәуелсіздікті армандап, оған қол жеткізу жолында қаншама қан мен тер төккен халықты тарихтан білеміз.

Мұндай бақытсыздық пен баянсыздық қауіпі біздің ұлттың да басына төнгені белгілі. Алайда азаттықтың ақ таңын аңсаған ата-баба арманы біздерге бұйырды.

Құрметті ағайын!

Ендеше «Ынтымақ жүрген жүрде, ырыс бірге жүреді» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Бірлігіміздің арқасында, Елбасының сарабдал саясатын ұстанып, тәуелсіздік жылдары іргелі мемлекет болып қалыптастық, өзгемен тереземізді теңедік, тұрмысымызды түзедік. Бұрын қиял болып көрінген жетістіктерге қол жеткіздік. Ендеше ұлы дана халқымыз: «Бақыт - бірлікте, байлық - еңбекте» - деген. Сондықтан еліміздің болашағын, яғни келер ұрпақтың баянды ғұмыр кешуі үшін біздер әлі де талмай еңбек етуіміз қажет.

Осы орайда «Түркістан - ер түріктің бесігі ғой» деп Мағжан ақын жырлағандай бұл қаланың сан ғасырлар бойы елдің басын біріктіріп, рухани негізін сақтап қалуға сіңірген еңбегі ұшан теңіз екенін айта кетуіміз керек. Түркістан ежелгі заманда да, қазіргі уақытта да  үлкен саяси орталық ретіндегі рөлін атқарып келгенін білесіздер. Оның дәлелі мәр төбеде елдің игі жақсылары ылғи бас қосып, уәжге келіп, мұнда келелі мәселелердің шешіліп отырғаны тарихтан белгілі. Түркістанның әрбір көшесі тарихи беттерге толы. Осындай тарихы тереңнен сыр шертетін қаламыздың Тәуелсіздік жылдарындағы бағындырған белестері осындағы сіздердің жұмыла жұмыс жасауларыңыздың арқасы деп білемін.  

Тәуелсіздік сіздер мен біздер үшін және ізімізді жалғастырар жас ұрпақ үшін баға жетпес байлық. Осы жолда ен даланы еркін жайлаған еліміз басын бәйгеге байлаған. Әйтсе де, олар ешқашан бас еркіндігін елдіктен жоғары қоймаған.

Осы орайда бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні баршаңызға бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің туы асқақтай берсін. 

__________________________________________________________________________

Жаңа жылға арналған құттықтау сөзі

Құрметті ағайын, қадірлі әріптестер!

Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын ерекше мерекеміз. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен аттағанды қалайды.

Осы тұрғыда жаңа жыл ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалатын жарқын да көңілді, табысты әрі мақсатты жыл болуын тілеймін!

Қадірменді түркістандықтар!

         Біз осынау бүкілхалықтық мереке үстінде Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған реформаларының арқасында қол жеткізген табыстарымызды үлкен мақтанышпен айтамыз.

Осы орайда, өткен жыл еліміз үшін оның ішінде біздің қасиетті қаламыз үшін де шын мәнінде бірлік пен берекенің, ел тілегі жүзеге асқан, серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды.

Сол тірліктер, алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретін болады. Ол үшін тек қана ауызбіршілік пен тұрақтылық керек деп есептеймін.

Ардақты ағайын!

Келер жыл өмірімізді мәнді оқиғаларға, татулық пен жасампаздыққа толтырғай! Ортақ шаңырағымыздың жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша азаматтарға бейбіт өмір, тыныштық, мол жақсылық тілеймін.Жаңа жыл үлкен үміт, шаттық пен қуаныштың жылы болсын! 

_____________________________________________________________________________

«Қала күні» мерекесіне арналған құттықтау сөз

Құрметті түркістандықтар!

Баршаңызды «Қала күні» мерекесімен құттықтаймын!

Кез келген ел, кез келген ұлт өзінің Отанымен мақтанады. Сол секілді біздер де тәуелсіз еліміздің рухани астанасы қасиетті қаламызбен мақтанайық.

Біз барлығымыз бірігіп қасиетті өңіріміздің болашағы үшін атсалысып, жұмыс жасап келеміз. Соның нәтижесінде қаламыз бүгінгідей түрге еніп, жасарып жайнап келеді. Және де біздер осы күнге жеткен жетістіктерімізбен тоқтап қалмаймыз. Сондықтан біздің алдағы жетістіктеріміз бүгінгіден де жарқын болады.

Қала экономикасының қазіргі даму деңгейі біздің мақтанышымызға лайық деп есептеймін. Оның дәлелі Елбасымыздың алдымызға қойған міндеттерді кезең-кезеңімен шешуге қол жеткізіп отырмыз. Ендеше бұл бағыттағы жұмыстарда түркістандық әрбір азаматтың еңбегі бар екендігін де естен шығармауымыз керек.

Сондай-ақ, бүгінгі мерекемен бірге шаруаларымыздың жыл бойына атқарған еңбектерінің нәтижесін көретін «Алтын күз» мерекесі қоса тойланып отыр. Бұл салада биылғы жылы шаруалар жемісті еңбек ете білді. Нәтижесінде диқандарымыз біршама қиындықтарға қарамай, еңбекпен келген өнімді жинап алу үшін әрекет етуде. Оған қоса, мал өсірумен оның өнімін арттыру сияқты игілікті істер де нәтижесін беріп, ауыл шаруашылығы қызметкерлері биылғы «Алтын күз» мерекесін айтарлықтай табыстармен қарсы алып отыр. Айта кетерлігі, қаламызда ауыз толтырып айтарлықтай жан жадыратар жаңа бастамалар жетерлік.

         Ардақты ағайын!

Қорыта келгенде, мерекелі күннің мақсаты – тек қана көңіл көтеріп, той тойлау емес, керісінше өткенімізді саралау арқылы болашағымызды бағдарлап, әрбір азаматтың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеруге қолайлы жағдай жасауды көздейді. Оған жетуге біздің қалада барлық мүмкіндіктер бар.

Сондықтан мерекелік сәтте баршаңызды тағы да «Қала күні» және «Алтын күз» мерекелерімен құттықтаймын!

Сүйікті шаһарымызда береке-бірлік нығайып, құт-мекеніміздің абыройы арта берсін!

____________________________________________________________________________

Құрбан айт мерекесіне арналған құттықтау сөз

Құрметті Түркістан қаласының тұрғындары!

Барлықтарыңызды қасиетті мейрам – Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын!

Адам өмірінде әр мерекенің орны бөлек. Соның ішінде Құрбан айт – бірлік пен бейбітшіліктің мейрамы. Аталған күндердің адамдар арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі зор. Сондықтан, бұл күндері тәуелсіз Қазақстан халқының басым бөлігін құрайтын мұсылмандар қауымы өзге дін, өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарауы керек. Адамдарды бір-бірінен алыстатпай, қайта жақындата түсуді насихаттайтын тура дін – Ислам әрдайым жақсылық жасап, әділ болуға шақырады. Осынау ұлы мейрамды еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен мемлекеттік деңгейде атап өтуге қол жеткізілді.

Сол себепті, тәуелсіз Қазақстанның 70 пайызын құрайтын Ислам дінін ұстанушылар ынтымақ-бірлігі, достығымен дүниежүзінің назарын өзіне аударып, үлгі болуы біз үшін мақтаныш.

Біздің Құрбан айт намазымыздан, шалған құрбандығымыздан, тіпті отандас қажылардың қажылыққа бару мақсаты – татулық, адамдардың бірлігі мен ынтымағын күшейту.

Осы орайда, әрбір азаматтың бір-біріне деген бауырмашылықтарын арттырып, мұқтаж жандардың осы күндері мерейлерін арттыруына үлкен пайдасын тигізетін Құрбан айт мейрамымен тағы да құттықтаймын!

Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын. Ұлы мерекеде әр отбасына бақыт, береке тілеймін. Деніміз сау, жұртымыз тыныш, елімізде тек жақсылықтар бола берсін!

____________________________________________________________________________

«Тұңғыш Президент күні» мерекесіне арналған құттықтау сөз

         Құрметті түркістандықтар!

Баршаңызды мерейлі мереке «Тұңғыш Президент күнімен» құттықтаймын!

Еліміздегі тарихи таңдау күнi болып саналатын бұл сәтті мен барша қазақстандықтардың Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төңiрегiне топтасу күнi деп есептеймін.

Өйткені өзінің мемлекеттік рәміздері бар тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргесін бекіткен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халық алдында еңбегі зор.

Осы сәтте күрмеуі көп қиын шақта, өзіне сенім артқан жұртын ешқандай қантөгіссіз өркениетке жетелеген және дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қоса білген Президенттің орны ерекше.

Мәселен, өткен күндерді бір төбе деп қарасақ, ғасырларға тең Тәуелсіздік жылдары ел мерейін тасытып қана қоймай, халықтың әлеуметтік ахуалы, өңірлердегі инфрақұрылымдардың қалыптасуы, заман табалына сай әлеуметтік нысандардың бой көтеруі әлем елдерінің мемлекетімізге деген сенімі мен құштарлығын арттырғаны сөзсіз. Сондай-ақ, 1997 жылы Елбасының бастамасымен елордамыз Алматыдан Сарыарқа төріне көшірілді. Он жылдың ішінде жаңа Астананың негізгі құрылысы толықтай салынып бітті. Сөйтіп әлем назарын өзіне аударған ХХІ ғасырдың келбетті шаһары пайда болды. Сол істердің жалғасы іспеттес – мемлекетіміз әлем елдерінің бас қосып, бәтуаласатын орталығына айналды.

Соның ішінде «Түркістан ежелден келе жатқан біріктіруші функциясынан жаңылған емес және түркі тілдес елдерді біріктіруші тірек болып табылады», деп Елбасымыз ерекше екпін берген қаламыздың да Тәуелсіздік жылдарында ажары ашылып, әлеуетті едәуір арта түсті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қала халқының саны шамамен 150 мыңнан астам адам болса, бұл көрсеткіш қазіргі таңда 250 мыңға жуықтап отыр. Демографиялық көрсеткіш те арта түсуде. 46 ұлттың өкілі тату-тәтті тұрмыс кешкен қаламыздың жалпы өңірлік өнім көлемі жыл сайын артып келеді.

Осы орайда «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген, аталарымыздың қанатты сөзге тоқтағым келеді. Шынында да бүгінде Елбасыға тіреу болып, бастар іске демеу болып жүрген текті халық ұрпағы мына сіздерсіздер, қадірменді ағайын.

Қиын-қыстау кезеңдерде жұдырықтай жұмылудың үлгісін танытып, дархан пейілдің арқасында ұлт пен ұлыстың панасы болған кең жүректі халқымызға сенім артып, тұңғыш Президентіміз «Ел көшін бастау маған сын, мені қостау-елге сын...» деп, даналықтың үлгісін паш етті. Ендеше сол елім деген ардақ ұлдың ерім дейтін еліне лайықты болу сіздер мен бізге сын.

Ендеше, халқына қуаныш сыйлаған «Тұңғыш Президент күнi» мерекесi құтты болсын. Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Елімізде тыныштық, халықтың бiрлiгi мен ынтымағы арта берсін!

 

 

Top
Разработано с JooMix.
We use cookies to improve our website. By continuing to use this website, you are giving consent to cookies being used. More details…