26 МЕКТЕП, 1 БАЛАБАҚШАДА ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРУДЕ

14 Маусым, 2020

Рашид Абатұлы "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептерді бақылады.

Жалпы, қалада 26 мектеп, бір балабақшаның ішкі және сыртқы келбетінде құрылыс жүруде. Қажетінше, шатырлары мен есік-терезелері ауыстырылып, жаңа едендер төселіп, қабырғалары сылануда.
Рашид Аюпов әр мектептің барлық қабатында нормаға сай ішкі әжетхана болуын ескертіп, әрбір жобаны жіті қарап шықты. Сонымен бірге, қол кептіргіш пен жылы су да қарастырылуын тапсырды.
Айта кетерлігі, мектептердің басым бөлігінде мұндай ауқымды құрылыс (қабырғасын қайта сылау, есік-терезе, шатырын ауыстыру) білім ошағы алғаш салынғалы бері бірінші рет жүргізілуде.
Қала әкімі тексеріс барысында орнатылып жатқан есіктердің сапасын бақылап, жұмысшылардың бей-жай қарамай, жанашырлықпен жұмыс істеуін өтінді. Жасыл желектер мен қырқылмаған ағаштарға сын айтты және есіктерге әр пәнге қатысты креативті суреттер жасау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, Н. Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектеп алдында аллея мен алаңша болатынын хабардар етті.
Жалпы, құрылыс жұмыстарына 300-ге жуық жұмысшы тартылса, оның жартысына жуығына "Халықты жұмыспен қамту орталығы" арқылы жұмыссыз азаматтар тартылған. Жөндеу жұмыстарының жартысына жергілікті компаниялар мердігерлік етуде. Тексеру барысында жұмыстың баяу жүргізіліп жатқаны да белгілі болып, мердігерлерге ширату қажеттігі айтылды.