КЕСЕНЕ АУМАҒЫНДА ҚҰНДЫ АҒАШТАР ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

04 Маусым, 2020

Түркістан қаласындағы ортағасырлық сәулет өнерінің шыңы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі абаттандырылып, жасыл желекке орануда. Рухани шаһардағы теңдесіз тарихи жәдігер аумағы облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен алдағы уақытта ең құнды ағаш түрлерімен толығады.

Осыдан тура бір жыл бұрын Баку қаласында Түркістан облысының делегациясы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетінің 43-сессиясында маңызды келісімдерге қол жеткізді. Онда Ясауи кесенесі аумағындағы құрылыс объектілерінің дүниежүзілік мұраға әсерін бағалау мәселелері де қаралған болатын. Дәл осы жиында кесененің айналасындағы аумақты абаттандыру бойынша шешім қабылданған еді.
Жалпы, Әзірет-Сұлтан қорық-музейінің аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар үш кезеңге бөлініп жүргізіледі. Бүгінде 1-кезең бойынша өсімдік қабаттары кесіліп, резервуар үшін жер қазу жұмыстары толығымен атқарылған.