"Nur Otan" партиясы Түркістан қалалық филиалында қала әкімі Рашид Аюпов кезекті қоғамдық қабылдауды өткізді.

03 Ақпан, 2020 "Nur Otan" партиясы Түркістан қалалық филиалында қала әкімі Рашид Аюпов кезекті қоғамдық қабылдауды өткізді.

Өтінім-ұсыныс білдірген 8 азаматтың көбі жұмыссыздық бойынша өтінішпен келген. Араларындағы мүмкіндігі шексіз жандар он саусағынан өнері тамған, тігіншілікке икемді. Р. Абатұлы өтініш иелеріне "Менің кәсібім" жобасы арқылы тігін машинасы, қажетті құрал-жабдықтары толығымен беріліп, тіпті сауда қатарының да қарастырылатынын айтты. Сондай-ақ, жұмыссыз азаматтарды жақында ашылған "Халықтық кеңсеге" жұмысқа шақырды.

Тағы бір тұрғын "Отырар" мөлтек ауданына жаңадан берілген үйлерге дейін қоғамдық көлік бағытын жүргізу бойынша өтініш білдірді. Бұл мәселеге қатысты жоба бар екенін айтқан Р. Абатұлы, ағымдағы айда Түркістан қалалық емхана жанынан 2 аялдама орнатылып, бағдаршам нысаны іске қосылып, жұмыстар толығымен аяқталған соң, қоғамдық көліктерді аталған аумаққа дейін жүргізілетінін де нақтылады.

"Қаладағы кей жайттардан хабардар болмай қалуымыз мүмкін. Сондықтан да, осылай ашық форматта жүргізуді қолға алғанбыз. #ХалықтықӘкімдік#АшықӘкімдік құрастыру жолындағы қадамдарымыз деп біліңіздер. Ал, бұл кісілердің сұрақтары бақылауға алынып, жауабы үйіне жіберілетін болады. Ол үшін "Қазпошта" мекемесімен келіскенбіз", - деген Рашид Абатұлы атаулы әлеуметтік көмек, кәсіпкерлік нысандар бойынша да мәселелер оң шешімін табуы үшін өз бақылауына алып, тиісті сала басшыларына жіті назарға алуын тапсырды.