ШАҺАР БАСШЫСЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ КҮРМЕУІН АҒЫТТЫ

10 Қаңтар, 2020

ШАҺАР БАСШЫСЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ КҮРМЕУІН АҒЫТТЫ

Қала әкімі Рашид Аюпов жауапты бөлім басшыларымен бірге қаладағы халық тарапынан түскен өтініштер бойынша бірқатар нысандарды аралады.

Алдымен "Бекзат" мөлтек ауданындағы екі қабаттан тұратын үйлерге барып, күрмеулі мәселелерді анықтады. Жобамен 1966-1972 жылдары салынған Т.Бәйтерекұлы және І.Есенберлин көшелеріндегі жалпы 11 екіқабатты үйдің жағдайын бақылап, нәтижесінде көктемде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кәріз жүйелері, су жүргізіліп, ойын алаңшалары орнатылады. Әр ауланы таза ұстау - тұрғындардың ортақ жұмысы. Дей тұрғанмен, қала әкімдігі өз тарапынан көмек көрсетіп, жаңа жобаны іске қоспақ.

Сондай-ақ, темір жол вокзалы мен аллея жуық арада заманауи кейіпке енеді. Келген туристердің бірінші аяқ басар орнында ақпарат беретін орталық, келбетті демалыс аймағы жаңарады.

Бүгінде "Қазпошта" мекемесінің жұмысына қала халқынан түрлі видеолар келуде. Күніне 1000-1600 тұрғынға қызмет көрсететін шаһардағы "Түркістан" аудандық пошта байланыс торабына барып, жағдайды өз көзімен көрген қала басшысы онда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қызмет сапасын арттыруды тапсырды. Жалпы, 1975 жылы пайдалануға берілген мекемеде қала қойынша 11, ал ауылдарда 22 бөлімше бойынша 120 адам қызмет көрсетеді.

Орталықтағы базардың өзгеріске еніп жатқан келбетін бақылаған шаһар басшысы "Азиз" базарындағы сауда қатарлары мен салынып жатқан сауда үйінің бүгінгі жұмысын көрді. Заманауи талапқа сәйкестендіру үшін жұмыстар легі жалғасуда. Осы айда сауда үйінің есігі айқара ашылып, саудагерлер жұмысын жаңа ғимаратта жалғастырады деп күтілуде. 

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.