ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢСЕ 77 ТҮРЛІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ.

10 Қаңтар, 2020

ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢСЕ 77 ТҮРЛІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ.

Түркістанда тұңғыш рет мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған халықтық кеңсе ашылды. Қала әкімдігі жанынан ашылған орталық Ғ.Мүсірепов көшесі 17 ғимараттың, 1-қабатында орналасқан. Мұнда мемлекеттік қызметтерді бір жерден «бір терезе» жүйесі арқылы алуға мүмкіндік бар.


Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты Жер қатынастары, Ауыл шаруашылығы, Ветеринария, Білім, Дене шынықтыру және спорт, Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, Тұрғын үй қатынастары, Сәулет және қала құрылысы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мен Жұмыспен қамту орталығында көрсетілетін жалпы мемлекеттік қызметтің 77 түрі көрсетілетін болады. Сонымен қатар, халық көп сауалмен жүгінетін электр энергиясына қатысты сауалдарға жауап беріп, өтініш қабылдайтын «Оңтүстік жарық Транзит» мекемесі мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының өкілдері халыққа қызмет көрсетеді.

Фронт-офистің негізгі артықшылығы:
өтініш иесінің құжатын қабылдау кезінде арнайы бақылау коды беріледі. Тіркеуге алынған құжат штрих код арқылы әкімдіктің тиісті бөліміне жөнелтіледі. Өтініш қысқа мерзім ішінде қаралған соң жауабы фронт-офиске бағытталып, тұрғындарға жауабы пошта арқылы, қолма қол жолданады.

Халықтық кеңседе анықтама залы, халыққа қызмет көрсету залы, күту залы жұмыс жасайды.

Анықтама залы – келген азаматтарға кеңсенің қызмет көрсету барысы туралы сілтеме жасайды және арнайы құрылғы арқылы кезек нөмерлерін беріп отырады. Азаматтарға бірнеше курьер ақпарат алу үшін көмек көрсетеді.

Күту залы - кезек нөмерін алған азаматтар қызмет көрсету залына шақыртылғанға дейін кезек күтіп отырады. Бұл зал ақпараттық бұрыштармен жабдықталған және экран арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттық роликтерді көруге мүмкіндігі бар.

Халыққа қызмет көрсету залы – мамандар әр сала бойынша келушілердің сұрағына жауап беріп, өтініштерін қабылдайды. Бұл залда халықтың өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс жасайды.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.