Түркістан қаласы әкімінің өз әріптестеріне, қала әкімдігінің қызметкерлеріне Үндеуі.

13 Қаңтар, 2020

Түркістан қаласы әкімінің өз әріптестеріне, қала әкімдігінің қызметкерлеріне Үндеуі.

Үндеуге қолдау білдіріп, қабыл аламыз!

Қайырлы таң, Түркістан!

Бүгінгі таңды өз әріптестерім, Түркістан қаласы әкімдігі қызметкерлеріне үндеу жолдаумен бастауды жөн көрдім.

Құрметті, достар! Осы әкімдіктегі 147 қызметкердің әр бірі халқына қызмет ету, қаламызды гүлдендіру мақсатымен жұмысқа келді деген сенімдемін. Жүктеріңіздің ауырлығын, жұмыстың жауапкершілігін түсінемін. Мен де арқалауға бел буып, қатарларыңызға қосылдым.

Әкімдік жұмысын барынша ашық етуге құзырет жеткенше тырысып бағудамыз. Бұған жету үшін ішкі жұмыс жүйесіне де өзгерістер енгізіліп келеді. Сіздер де Түркістан тұрғыны ретінде түсіністікпен қарап, қолдайсыздар деп үміттенемін.

Айналдырған 170 мың тұрғынбыз. Әр тұрғын біріне дос, біріне туыс. Бір тұрғынның шешімі табылмаған мәселесі қалайда тұтас қоғамға кері әсер етеді. Әр мәселе маңызды!

Ғаламтор жүйесі дамыған заманда өтінімдердің біраз бөлігі әлеуметтік желі арқылы да келуі - заңдылық.

Сондықтан, қаңтардың 16-нан бастап вацап нөмеріме (+77783837214), менің және әкімдік ресми парақшаларына пікір ретінде, немесе әлеуметтік желілерде #ГүлденеБерТүркістан хэштегі арқылы келіп түскен әр ұсыныс/шағым/өтінім тіркеліп тиісті бөлімдерге жолданатын болады.

Алдарыңызға келген тұрғындардың әр өтінімін өз жақыныңыздан келгендей қабылдауларыңызды сұраймын. Мұқият танысып, тиісті бөлім парақшасынан барынша сыпайы, ашық, түсінікті, нақты және мүмкіндігінше жылдам жауап берулеріңізді өтінемін.

Құрметті тұрғындар!
Сіздер жазған кей мәселе шешімі әкімдік құзыретінде болмауы мүмкін. Кей сұрақтың жауабын табу үшін бірнеше жүз құжат ақтарылуы қажет болуы мүмкін.

Әкімдік ішінде ел игілігіне қызмет атқарып жүрген іні-қарындастарыңызға, аға-әпкелеріңізге де түсіністікпен қарап, сабыр танытуларыңызды сұраймын. Және, жемқорлық куәгері болып қалсаңыз, міндетті түрде хабар берулеріңізді өтінемін.

Бастамамыз оңды, еңбегіміз абыройлы болсын!