ГҮЛ ЕКТІ, АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ… МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ!

25 Желтоқсан, 2019

ГҮЛ ЕКТІ, АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ… МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ!


«Ақсақалдарымыздың көтерген бастамасына тұрғындар қолдау көрсетуі тиіс. Сіздердей жол көрсетер ақсақалдарымызға мың алғыс! Осындай жаңашылдықтардың арқасында қаламыз көркейіп, ауызбіршілігіміз арта түсетіні мәлім», – деген қалалық мәслихаттың хатшысы Ғ.Сәрсенбаев игі іске белсене қатысқан жандарға ілтипатын білдірді.


«Түркістанда 42 мың үй, 850 көше бар. Әрбір үй қатысып, ауласын сәндейтін болса, қаламыз көрікті қалаға айналары сөзсіз. Көше, ауыл билері, Түркістандағы 8 мөлтек аудан төрағалары және 16 сектордың меңгерушісі, жалпы 140-қа жуық ақсақалдар, ардагерлер осы іске атсалысты. Барлық көшелерде, үйлерде болдық. Көктем айында басталған жұмыс, кешегі күнге дейін созылып келді. Соның нәтижесінде конкурсқа 500-ге жуық үйден ұсыныс түсті. Арнайы комиссия үйме-үй аралап, ішінен 90 үйді таңдап алдық», – деді облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов.


Келесі жылы да мұндай конкурстар жалғасын табуы ықтимал. 500 емес, мыңдаған үйлер қатысады деген де сенім бар. Нәтижесінде, 3-4 жылдың ішінде Түркістан қаласындағы көшелер мен үйлердің сәні келісіп, жасыл желекке айналады деген үміт бар.
Қатысқан отбасылар көшелерін әрдайым тазалыққа шақырып, көктем келісімен ағаштар егіп, гүлдер өсіргенін және кішкентайларды да осындай іске баулып, үйретіп жүргенін айтуда.
«Біздің ұранымыз Түркістанды тыныш, таза, гүл жайнаған қалаға айналдыру. Ол үшін әрбір азамат атсалысу керек. Көп жағдайда тек орталық көшелерге көңіл бөлініп, шеткі аумақтар тасада қалып қояды. Мұндай мәселе туындамас үшін, біз 850 көшені толық қамтыдық» дейді бастамашылар.


Айта кетейік, жеңімпаз атанған 2 мектеп, 3 балабақша, сондай-ақ, 90 отбасы қала әкімі Рашид Аюповтың алғыс хаты мен әкімдік және демеушілер тарапынан үлестірілген қаржылай сыйақыға ие болды.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».