Қала әкімі Р.АЮПОВ: МЕЖЕЛЕНГЕН ЖҰМЫСТАР УАҚЫТЫЛЫ ӘРІ САПАЛЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

11 Желтоқсан, 2019

Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, қала әкімі аппараты, дербес бөлім басшылары, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың директорлары, аумақтық мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиналыстың күн тәртібіне сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлердің санаттарына қарай берілуі және тұрғын үйлерді жылыту мәселелері, дене шынықтыру және спорт саласының атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, қалалық бюджеттің игерілуі, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне арналған іс-шараның дайындығы жөніндегі мәселелер қаралды.

БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕГІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ
САНАТТАРЫНА ҚАРАЙ БЕРІЛУІ

Қала әкімдігінің апталық мәжілісте бұл жөнінде қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ә.Асанов баяндама жасады. Баяндамашының хабарлауынша қазіргі таңда жалпы қала көлемінде кезекке тіркелген баспанаға мұқтаж отбасылардың саны 10886 құрайды. Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топта 5201, «Алтын», «Күміс» алқа мен «Батыр ана» атағын алған, сонымен қатар І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» иелерінің саны 2606, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 251, мемлекеттік немесе бюджеттік қызметкерлер 2817, жалғыз баспанасы апатты деп танылған отбасылар саны 11 құрап отыр. Бүгінгі таңға Отырар мөлтек ауданынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10 көпқабатты (600 пәтерлі) тұрғын үй мұқтаж азаматтарға әр санат бойынша берілді. Атап айтқанда кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған балаларға 90, көпбалалы отбасыларға 125, әлсіз топқа 249, бюджеттік қызметкерлерге 135, жалғыз баспанасы апатты деп танылған 1 отбасыға берілген. Осы жоғарыда аталған отбасыларға кезек реттілігі бойынша толығымен баспаналардың кілті табысталып отыр.

ЕР БЕКЗАТҚА ДЕГЕН ҚҰРМЕТ
ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ ДӘРІПТЕЛУДЕ

Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Айдарбеков қала көлеміндегі спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Бөлімнің жылдық жоспарына сәйкес бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бөлімге қарасты мекемелер бөлім тарапынан түрлі деңгейдегі жарыстарды өз кезегінде ұйымдастырғандығын атап өткен бөлім басшысына қала басшысы Рашид Абатұлы келер жылы жерлесіміз даңқты боксшы, Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың 40 жылдық мерейтойы бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бұл бағытта нақты ұсыныс түспегенін сынға алып, бөлім басшысына бұл жөнінде жедел шаралар қарауды тапсырды.
Иә, Ер Бекзат Сидней аспанында еліміздің көк туын желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқанда небәрі 20 жаста еді. Ол көптің қолы жетпейтін шыңды бағындырды, ел мерейін асқақтатты. Сұм ажал оны арамыздан алып кетпегенде келер жылы 40 жасқа толар еді. Бәлкім тірі болғанда өзінің «Үш мәрте Олимпиада чемпионы боламын» деген арманын ақиқатқа айналдырар ма еді. Тағдырдың дегеніне не шара. Бекзаттың есімі, оның бейнесі, ерлігі әркез біздің жадымызда қала бермек.

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНІҢ ІС-ШАРАСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Қала әкімі Рашид Аюпов еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні барша қазақстандықтар үшін орны бөлек, елдігімізді айшықтайтын бұл мерекенің маңызы зор екенін жеткізді. Маңыздылығы сол ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсап келген азаттықтың 28-ші жылын қарсы алмақпыз. Осыдан жиырма сегіз жыл бұрын Қазақстан Республикасы тарихи таңдау жасап, өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған болса, міне содан бергі жылдар ішінде Қазақстан бүкіл әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленген, төрткүл дүние төрінен ойып орын алған ілгері мемлекетке айналып отыр. Қала әкімі Рашид Абатұлы мерекені өткізуге жауапты бөлім басшыларына Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде атап өтуді тапсырды.

«Түркістан» газетінен