ӘКІМ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

23 Қараша, 2019

Бүгін Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында қала әкімі Рашид Аюпов қала тұрғындарымен кездесті. Жиында қала басшысы Рашид Абатұлы өзінің қызметке кіріскен күннен бастап қаланың тыныс-тіршілігін бағамдап, құрылыс нысандарын аралап, әрбір мөлтек аудан тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. Сол кездесулердегі тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері бойынша бүгінгі күнге дейін атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндап өтті.

Бүгінде қаламызды абаттандыру, көркейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білетіндей шаһарымыз бүгінде 32 секторға бөлініп, оған жауапты аудандар мен басқармалар өздеріне тиесілі орындарды тазалау, әрлеу жұмыстарын өз деңгейінде жүргізіп келеді. Қаламызда «Бір отбасы, бір ағаш» акциясы өткізілуде, соған барша түркістандықтар өз үлестерін қосулары қажет. Сонымен қатар, Түркістан қаласы дүниежүзілік ұйымға мүше болды. Тарихи шаһардың 2050 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Алдағы уақытта қаланың даму жоспары бойынша Түркістан халықаралық деңгейдегі қаланың қатарына қосылмақ, яғни әлемнің Ыстамбұл, Рим, Иерусалим шаһарларының деңгейіне жетуді жоспарлап отырмыз, – деген қала басшысы қаламызды жасыл желекке айналдыру, көгілдір отынды келер 2020 жылы толық аяқталатынын жеткізді.

 Кездесуде қаланың бас жоспарына сәйкес, алдағы уақытта кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталған қала әкімі қала тұрғындардың сұрақтарын тыңдап, оларға тұшымды жауаптарын берді. Жиында қала тұрғындары тарапынан қала әкімінің атқарып жатқан жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.

 Бұдан соң қала әкімі қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердегі жылуға байланысты орын алған апатты жағдайды бақылап, «Жылу» мекемесіне арнайы барып, қазандықтың жұмысымен танысты.

Жылу қазандығындағы орын алған кемшіліктерді жою бойынша тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма берді.