ТҰРҒЫНДАР ҚАУІПСІЗДІГІ БІРІНШІ ОРЫНДА

08 Қазан, 2019


Қала әкімі аппаратының кезекті мәжілісінде бірінші болып қалалық төтенше жағдайлар басқармасының 9 айда атқарған жұмыс барысы баяндалды. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Асқар Сейсеновтің сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері төтенше жағдайлар қызметінің диспетчерлік пунктіне 257 хабарлама түсіп, алдын алу жұмыстары өз деңгейінде атқарылған. Улы газдан зардап шегу фактісі бойынша бірде-бір дерек тіркелмеген.

«Қызметкерлеріміз 187 нысанға тексеріс жүргізілді. Оның ішіндегі 137-сі ерекше тәртіп бойынша, 50 нысан жоспарсыз тексерілді. Осы уақытқа дейін өрт қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған 79 тұрғынның 41-і ескерту алса, 38 азаматқа – 997 375 теңгені құрайтын айыппұл салынды. Жоспарға сәйкес тексеру жұмыстары жалғасуда. Түркістандықтардың арасында жылу маусымында оқыс оқиға орын алмас үшін БАҚ арқылы тұрақты түрде хабарланып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде»,- деді Асқар Сейсенов.

Ал, қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында сауда және тұрғын үйлермен келісім-шарт жасау және қаржысының түсімі туралы мәлімдеген «Түркістан Жарық-Тазалық» ЖШС директоры Аян Тоғызбаевтың баяндамасына қанағаттанбаған қала басшысы Рашид Аюпов келесі аптада осы өзекті мәселенің күн тәртібіне енгізілуін тапсырды. «Халықты нәтижелі жұмыспен қамту орталығы» МКК-нің жұмысы сынға алынып, қала әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев мекеме мамандарын қайта жасақтауды ұсынды.

«Экономика және қаржы бөлімінің» басшысы Зәуре Бимбетованың сөзінше, жергілікті бюджеттің тоғыз айлық қорытындысы бойынша игерілуі 99,7 пайызды құраған. Ал, дербес бөлімдердің қаржысының игерілмеуі бойынша бөлім басшысынан талап ету керектігін айтқан Рашид Абатұлы облыс орталығына айрықша мән беріліп отырғандығын назардан тыс қалдырмады. Сондықтан, республикадан, облыстан бөлінген қаржыны тұрғындарға жайлылық сыйлап, шаһарды көркейту жолында тиімді пайдалану кажеттілігін атап өтті.