ПРЕМЬЕР-МИНИСТР МЕН ОБЛЫС ӘКІМІ ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЛЛЕЯДА АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫП, ЖАҢА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ШАРАНЫ БАСТАП БЕРДІ

02 Қазан, 2019


Түркістан – келешек жасыл желекті қала. Шаһар көркіне көрік қосу үшін көптеген тындырымды жұмыстар қолға алынуда. Облысқа жұмыс сапармен келген еліміздің премьер – министрі Асқар Мамин мен аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев «Нұртас Оңдасынов» аллеясында ағаш отырғызып, еліміздің барлық өңірлерінде болатын экологиялық сағат– жаңа республикалық акцияны бастап берді.

Түркістанда аптап ыстықтан сая болатын жасыл белдеу жұмысы барысында аудан мен қала жұрты асарлатып, 220 мың түп ағаш егеді. Қазақта «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деген тәмсіл сөз бар. «Эко сағат!» республикалық акциясы аясында мұнда 20 түп каштан, 30 лип ағашы мен 50 түп арша бой көтермек.

«Мақсатымыз – өзіміз өмір сүріп жатқан көне шаһар Түркістанды көгалдандырып, көркейту. Оңтүстік өңірі ағаш өсіруге өте қолайлы аймақ. Айналамызды жасыл желекке бөлеп, қоршаған ортамыздың көгалдандыруға бәріміз атсалысуымыз керек. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде дені сау ұрпақ, баянды болашақ қалыптасады», – деді Өмірзақ Естайұлы аталған шараның маңыздылығын алға тарта.

Түркістан қаласы айналасынан жасыл белдеу құру мақсатында бүгінде 488 гектар жерге 203 496 түп ағаш көшеттері (қарағаш, бадам, өрік, терек, жиде) егілген. Сонымен қатар, бүгінде 2-кезең бойынша Арыс-Түркістан каналы бойындағы жерлерді жаппай жырту және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жасыл белдеуге егілетін көшеттерді өндіру мақсатында 300 гектар жерге тұқымбақ ашып, оның 30 гектар аумағына ағаш тұқымдарын себу және 1212 гектар жерді жыртып, 100 гектарына ағаш көшеттерін егу жұмыстары атқарылмақ. Жалпы, республикалық маңызы бар шара шеңберінде, елімізде 1 миллион ағаш егіледі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі