АРБАТ АЛАҢЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

11 Қыркүйек, 2019  Түркістанда саялы саябақтардың саны артуда. Соның бірін бүгін қала орталығында ашылған жаңа арбат толықтырды. Шаһардың көркіне сән берген көрікті демалыс алаңын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және қала басшысы Рашид Аюпов арнайы келіп, салтанатты түрде ашып берді.
  Өңір басшысы өз сөзінде құрылысы қайнаған шаһардың халқын құттықтап,  жаңа арбат тұрғындардың ең сүйікті орны боларына сенім білдірді.
  Түркістан жұртшылығы, қонақтары мен жастары үшін көңілді кеште қалалық мәдениет үйі мен шырайлы Шымкент қаласының өнерпаздары әуезді ән, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, жас суретшілер тарихи мекенді ақ қағаздарына арқау етті.  Қолшатырлармен көмкерілген жаңа арбатқа орындықтарда жазылған қала логотипі де ерекше сән беріп тұрғандай. Бастысы, бұл жаңашылдыққа қала тұрғындары дән риза. Демек, қараусыз қалған аумақтан, шырайы келіскен ортаға айналған арбаттың бүгіннен-ақ адамдар сабылып келетін орынға айналары сөзсіз.
  Айта кетейік, қала әкімдігі тарапынан жүзеге асқан құрылыс шарасына 38 жұмысшы мен 8 техника жұмылдырылды. Ұзындығы 145 метрді құрайды. Ал, абаттандыру ісі 8-тамыз бен 8-қыркүйек аралығында жүзеге асты. 


Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызмет