ҚОНАҚ ҮЙДЕГІ ӨРТ ГАЗ ЦИСТЕРНАСЫНЫҢ ЖАРЫЛУЫНАН ОРЫН АЛДЫ.

11 Қыркүйек, 2019

Кеше Түркістан қаласында орналасқан «ROYAL GRAND HOTEL» қонақ үйі өртке оранған болатын. Бой көтергеніне енді жыл толған зәулім ғимараттың тілсіз жауға тап болуына қонақ үй аумағында газ цистернасын толтыру барысында көгілдір отынды тасымалдайтын көліктің жарылуы себеп болған. Қонақүйідегі  орын алған өрт салдарынан барлығы 11 адам зардап шеккен. 6 өрт сөндіру қызметкері медициналық көмекке жүгінген. 3 полиция қызметкері және 2 қала тұрғынына медициналық жәрдем көрсетілген. Орталық қалалық ауруханаға 5 зардап шегуші жеткізілді. Олардың төртеуі жатқызылып, бір азамат қайтарылды. Жарақат бекетіне 3 адам тасымалданды. Оқиға орнында полицейлер мен ТЖҚ қызметкерлері жұмыс жасауда. Қазіргі таңда Түркістан облысының полицейлері болған оқиғаның толық мән-жайын анықтауда. Сараптамалар тағайындалды. «Ең бастысы, адам шығыны жоқ. Тілсіз жаудың орын алуына газ цистернасының жарылуы себеп болған», дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Нұрғали Жүнісов. Алдын ала берілген мәліметтерге сүйенсек, өрт 3 тонналық газ цистернасын толтыру кезінде шыққан. Өрттің көлемі 1400 шаршы метр. Өрт туралы мәлімет 18:05- да түскен. Қонақүй ішінде мейманхана, асхана орналасқан.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі