ОБЛЫС АУДАНДАРЫ ТҮРКІСТАННЫҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСАДЫ

31 Тамыз, 2019

Түркістан қаласы әкімдігінде мөлтек аудан төрағалары мен көше төрағаларына арналған жиын өтті. Басқосуда қала әкімдігі аппаратының басшысы Қанат Мылтықбеков, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және өзге де қоғам белсенділері қатысып, ашықтықта жұмыс істеу бойынша кеңінен түсіндірілді.

“Бірнеше күн бұрын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бүкіл аудан, қала басшыларын, орынбасарларын, басқарма төрағаларын жинап, жиналыс жасаған болатын. Онда ауқымды тапсырмалар берілді. Қазір Ө.Естайұлының тапсырмасымен қаланы 16 секторға бөлдік. Бұған дейін 8 ауданға бөлінген болатын. Өңірде 16 аудан, қала  болғандықтан, қаланы да сонша секторға бөліп, картасын дайындадық. Әр секторға бір аудан мен басқармаға берілді. Әр қала, аудандар, басқармаларға, белсенділерге жадынама таратамыз. Онда бүкіл мәселелер тарқатыла жазылған”, – деді аппарат басшысы Қ.Мылтықбеков.

 Қаладағы мөлтек аудан және көше төрағалары, яғни белсенді азаматтар  секторларға жауапты аудан басшыларына хабарласып, көшеде немесе аталған ауданда болып жатқан мәселелерді тікелей айта алады. Яғни, қанша аяқ жол, жарық шамдар, суағар арықша, қоқыс жәшігі, қандай жол белгілері, аялдама  керек осы мәселелер бойынша анализ жасап, 3-4 күн ішінде толықтай қарап, облыс әкімі алдында қорғайды.

  Енді әр көшенің белсенді тұрғындарына секторға қарасты аудан әкімдері мен басқарма басшыларының байланыс нөмірлері беріліп, сол арқылы тікелей тілдесіп, мәселелердің түйінін бірге ағытатын болады.

  Мәселен, «Бекзат» мөлтек ауданына Қазығұрт ауданы жауапты болса, олар қаржылай, құрылыс бойынша, техника, тас төсеу бойынша да жәрдемдесіп, септігін тигізеді.

  Айта кетейік, бұл жүйе өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің Арыс қаласын қалпына келтіру мақсатында іске асқан секторларға бөлу тәжірибесінен алынып отыр.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан» газеті.