ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ СИМВОЛЫ - МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР

04 Маусым, 2019

  Көк туымыз,  Елтаңбамыз бен Әнұранымыз  елдігіміздің айқын көрінісі. Ұлтымыздың мерейін ұлықтау, Мемлекеттік Рәміздерді қастерлеу барша қазақстандықтың азаматтық парызы. Мерейіміздің үстемдігін айшықтайтын айтулы дата 4 маусым күнімен белгіленген.             

   Биыл  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздеріне  27 жыл толды.  Осыған орай мерекелік күнді атап өтуге арналған салтанаты шара жоғары деңгейде тойланды. Рәміздер алаңында "Мемлекеттік рəміздер - киелі құндылықтарымыз" тақырыбымен өрбіген елеулі оқиға  облыс әкімінің орынбасары  Мәлік Отарбаевтың құттықтау сөзімен бастау алды.

 “Қадірменді түркістандықтар,  жастар, сіздерді ҚР Мемлекеттік рəміздер күнімен шын  жүректен құттықтаймын. Мемлекеттік құндылықтарымыз мәңгілік  мақтанышымыз. Еуразия кеңістігінде орналасқан егеменді еліміздің Әнұраны шарықтап, Көк туы желбіреп, Елтаңбасы жарқырай берсін.  Мемлекеттік рəміздер - бірлігіміздің, тұтастығымыздың белгісі. Сондықтан да,  ынтымағымыз баянды, тəуелсіздігіміз тұғырлы болсын»,  - деді Мәлік Нұржанұлы.

  Салтанатты кеште патриоттық нақыштағы  әндер ұлттық рух көкжиегін асқақтатқаны анық.  Тағылымды іс-шара түркістандықтарға көтеріңкі көңіл күй  сыйлады.

 Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі