ТҮРКІСТАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

31 Мамыр, 2019

Бүгін Түркістан қаласында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шаралар өтті. Алдымен Түркістан қаласындағы жоғары медицина колледжінде өткен жиында қатысушылар Сұлтанбек Қожановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алды.

Еске алу шарасында сөз сөйлеген Түркістан облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев ХХ ғасырдағы ашаршылықта миллиондаған қандасымыз қырылып, елдің қаймақтары саналатын ұлт қайраткері саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын айтты.

«1930 жылдары А.Байтұрсыновтың жазба дерегінде қазақтың саны 6 миллионнан асқан болса, оның 2 миллионнан астамы аштықтан қырылған. 2 миллионға жуық қандастарымыз шетел асып кетті.Сталин мен Голощекиннің саясатына қарсы шығып, қазақтың қамын ойлаған қайраткерлеріміз, көшбасшыларымыз, көзі ашық азаматтарымыз саяси қуғын-сүргінге ұшырады», – деген ол қиын кезеңде ұлт үшін шейіт болған асыл ерлерді ұмытпай, олардың есімін ұрпақ санасына сіңіру керектігіне тоқталды. Бабаларымыз қалдырған ұлы далаға иелік етіп, аманатқа адал болу – міндетіміз екенін айта келе мұндай зұлмат енді қайталанбасын деген тілегін жеткізді.

Осы күні Түркістандағы С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінде, Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебінде және М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясында еске алу шаралары өтті. Сонымен қатар Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында Д.Исабековтың «Өйтпесе Мағжан бола ма?» спектаклі көрермен назарына ұсынылса, музейлерде ашаршылық құрбандарына арналған көрме ұйымдастырылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі