ТҮРКІСТАНДА 1352 ЖАС ТҮЛЕК АЛТЫН ҰЯ МЕКТЕБІНЕН ҚАНАТ ҚАҚТЫ

25 Мамыр, 2019

     Бүгін 1352 жас түлек білім мен тәрбиені ұштастырып, айқын мақсаттарға қол жеткізуге жетелеген  ұстаздары мен білімнің шыңына жетуге баспалдақ болған алтын ұя мектебінен түлеп ұшты. Соңғы қоңырау үнін  естіген бітірушілердің арасында 91 оқушы  «Алтын белгіге» ұсынылса, 32 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.

   Жас түлектердің қадамдарына сәт-сапар тiлеген қала әкім Әліпбек Өсербаев Хамза атындағы №2 жалпы орта мектеп оқушыларының қуанышты сәтіне куә болды. Салтанатты соңғы қоңырау мерекесінде қала басшысы қасиетті шаһардың мәртебесін  арттырып, мерейін үстем ететін жастарға деген жылы лебізін білдірді.  

    ‘Рухани астанамыз облыс орталығы болғаннан кейін ауылдық округтердің мектептері мен балабақшалары Кентау қаласының  қарамағына өтіп,  қаламызда 2018-2019 оқу жылында 35 мектеп пен 21 балабақша жұмыс жасады. Жыл сайын бюджет қоржынының 50 пайыздан астамы білім саласына бағытталып отырады. Соның арқасында кейінгі жылдары Түркістанда 20-ға жуық жаңа білім ұясы бой көтерді. Сонымен бірге, Тәуелсіздік жылдары ішінде жалпы саны 30-ға жуық балабақша ғимараты салынды. Соның басым бөлігі соңғы 5-6 жыл ішінде бой көтерді. Жас ұрпақтың сапалы білім алуы үшін «Цифлы Қазақстан» бағдарламасы аясында  білім саласын толықтай автоматтандыру жолға қойылды. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында  «Sitcen» бағдарламасы үш бағыт бойынша жүргізілуде. Тарқатып айтсам,  «Jumys.Sitcen» бағдарламасы  мектепке педагогтар мен қызметкерлерді қабылдау жүйесін жаңартты. Ал, «Mektep.Sitcen», «Balabaqsha.Sitcen» бағдарламалары бойынша оқушылар мен  бүлдіршіндерді қабылдау электронды түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар қаламыздағы 2 мектепте ІТ-сыныптары ашылып, 10 мектепте робототехника сыныптары іске қосылса,«Ақылды мектеп» жобасы  №17 Ататүрік мектеп-гимназиясында жүзеге асырылуда. Барлығыда  еліміздің ертеңгі  болашағын баянды ету жолындағы қадамдар. Өздеріңізге артылған сенімді ақтап, Қазақстанымыздың гүлденуіне үлес қосыңыздар”,  - деді Әліпбек Шәріпбекұлы.

   Күміс қоңыраудың үні соғылған күнде шаһар басшысы іскерлігімен ұжының ынтымағын арттыра білген аталған мектеп директоры Замир Мұхамеджановқа қаланың «Құрметті азаматы» атағын берседе жарасады дей келе, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жалпы орта мектепте биылғы жылы қосымша спорт зал салынатындығын жеткізді. Сонымен бірге, облыстық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбай Қожабаев алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Дилмурат Хансеитовты «Ауғанстан ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан патриоты» медалімен марапаттады.

    Арман биiктерiне қанаттанып ұшқан  жастардың  қоштасу вальсі тамашаланып, аяулы ұстаз бен білім ордасына арналған әуезді әндер шырқалды. Ғасырға жуық уақыт ішінде талапты шәкірттерге тәрбие берген  аталған мектепті дәл осы күні  73 оқушы тәмамдап отыр.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі