ТҮРКІСТАНДЫҚТАР АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА МӘДЕНИ ШАРАЛАРҒА КУӘ БОЛАДЫ

22 Мамыр, 2019

   Рухани астана тұрғындарының игілігіне біршама уақыттан соң амфитеатр ғимараты қызмет көрсететін болады. Үстіміздегі жылдың сәуір айында құрылыс жұмыстары басталған ғимарат қазан айында аяқталады деп жоспарланған.

   1000 орынға лайықталған заманауи кешеннің көлемі 2400 шаршы метрге тең. «Рухани-мәдени орталық» аймағындағы 0,56 га жерде жүргізіліп жатқан құрылыс алаңында күндіз 22, түнгі аусымда 10 жұмысшы еңбек етуде.

    Құрылысқа жауапты «АА-Стройинжиниринг» ЖШС мердігер компаниясының учаске бастығы Абай Абдурахманов:  «жұмыс өз қарқынымен жүргізілуде, келісілген мерзімде аяқтауға мүмкіндігіміз жеткілікті»- дейді. 

    Мұнда 4 жұмысшы жергілікті, ал, қалған жұмысшылар Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан келіп тер төгуде. Қосымша еңбек қолын күшейту мәселесін қарастырып отырған компания өкілдері мүмкіндігінше тағы да бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтымақ ниетте.

  Еске салсақ, Түркістан қаласының облыс орталығы атану құрметіне орай республикамыздағы облыс әкімдіктері жаңа облыс орталығына бір ғимарат сыйға тартпақ болған. Соның бірі - дәл осы амфитеатр. Киелі өңірдің халқы үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің сыйы. 

  Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі