ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

08 Мамыр, 2019

Түркістанда Отан қорғаушылар күніне орай азық-түлік тауарларына арналған жәрмеңкеcі өтті. Ұйымдастырушысы – Түркістан қаласының әкімдігі. Оған қаламыздың 12 тауар өндірушілері қатысып, 2 тоннаға жуық 30-дан астам өнім түрі ұсынылды. Нарық бағасынан 15-20 пайыз төменгі бағада саудаланған тауарлар алушылардың көңілінен шығуға тырысты.

Облыс орталығы Түркістан қаласында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырудың игі дәстүрге айналып отыр. Бұл – қала тұрғындары мен ауыл еңбеккерлері үшін өте тиімді. Ең бастысы, экологиялық таза, құнарлы да сапалы өнімдер тұрғындардың денсаулығына пайдалы, баға мәселесінде де қолайлы. Сондай-ақ, жәрмеңке әр аптаның соңында және мереке күндері өтетін болады деп күтілуде.

Жәрмеңке сөрелерінен Түркістан қаласының шаруа қожалықтары мен жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері: ет, сүт, қаймақ, қымыз, шұбат, жұмыртқа, өсімдік майлары, көкөніс пен жемістің сан алуан түрлерін арзандатылған бағада сатып алуға мүмкіндік мол.

9 мамыр «Жеңіс күні» қарсаңында сағат 10.00 мен 15.00 аралығында өз жалғасын табатын жәрмеңке алдағы уақытта тағы да ұйымдастырылатын болады. Өтетін орны мен уақыты жөнінде көпшіліктің назарына қосымша хабарлайтын боламыз.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі