ГҮЛ ӨСІРУ – СҮЙІКТІ ІС ӘРІ ТАБЫС КӨЗІ

30 Сәуір, 2019

 

Үйдің сәнін келтіріп қана қоймай, адамға жылулық сыйлайтын және шаршағанда демалдыратын гүлдерді сіз де қолыңыздан келгенше өсіріп жатқан боларсыз. Ортамызда осындай әсем гүлдерді күтіп-баптап, көбейтіп, кәсіпке айналдырып отырған отбасы бар. Қарашық ауылында тұратын жеке кәсіпкер Үсен мен Дильназ Омаровтардың бұл кәсіпті қолға алғандарына 14 жыл болды. «Райана» гүлдер бақшасын ашып, қаламыздың, аудан аумағының сұлулыққа жаны құштар жандарын ғажайып бөлме гүлдерімен қамтамасыз етуде.

«Мен гүлдерді жан-тәніммен сүйемін, гүлсіз өмірімді елестете алмаймын. Сондықтан да болар, гүлдер менің досым, сырласым, жақыным, ақыр аяғында асыраушым. Кәсіпкерлік атауына ат қоярда да айрықша мән бердік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) гүл, миды тыныштандырады деп жасыл түсті жақсы көрген екен. Райана - ораза ұстаған мұсылмандар кіретін жәннат қақпаларының бірі. Сол себепті ісіміз адал, мінезіміз иманды, Алланың мейіріміне бөленіп, жәннаттқа лайықты болайық деген ниетпен осы есімді таңдадық. Алаға шүкір, алғаш 300 мың теңге қаражаттан басталған кәсібіміз кеңейіп, бүгінде 50 соттық жерді алып жатқан жылыжайда өсірілген гүлдер қаламыздан бастап Қызылорда, Жаңақорған, Шиелі, Созақ, Таукент аудандарына таралуда. Гүл - өте нәзік екені белгілі. Қақаған суықта жылулықты, аптаған ыстықта салқынды, ылғалды талап ететін шаруашылық барысында біз негізі Голландиядан, Қытайдан гүлдің көшетін, ұрығын, тыңайтқыштарын алдырамыз. Оны егеміз, құтыларға ауыстырамыз, суарамыз, дәрі-дәрмектермен көңілін табамыз, баптаймыз. Сатылымға алып шыққан гүлдердің қаншамасының жағдайы болмай кері қайтқанда оларды емдейміз. Базардағы сауда нүктемізде тұтынушыларымыз жеткілікті. Арасында «ас ішпей кетсем де осы гүлді алмай кетпеймін» дейтін гүлге жаны өте құмар адамдар да бар» дейді ерлі-зайыпты кәсіпкерлер.

Мұндағы өсірілетін гүлдердің түрлері - фикус, герань, антуриум (ер бақыты), юкка, спатифиллум (әйел бақыты), отбасы бақыты, крассула, бонсай, калатея, монетка (ақша шақыратын гүл), лимон, банан тағы басқа түрлері өсіріледі. Қайсы түрі болмасын, ерекше күтімді қажет етеді. Мысалы, юкка жарық сүйгіш өсімдік, жапырақтары ұзын, жалпақ келеді. Жазда жеткілікті мөлшерде, қыста сирек суғарылады. Тұқымы арқылы да, картоп секілді түйнектерімен де көбейтіледі.

Антуриумды (ер бақытын) тікелей күн көзінің түсуінен сақтап, көлеңке жерде ұстағаныңыз дұрыс. Ылғалдылықты жақсы көретін бұл өсімдіктің айналасын күніне екі рет сумен бүркіп тұру керек. Әйелдер қауымы көп алатын спатифиллумді (әйел бақытын) тікелей күн көзінің түсуінен сақтау қажет. Өйткені, жапырақтары сарғайып, солып қалады. Көктем, жаз айларында мол суғаруды қажет етеді. Қорда, қарашірік, шымтезек, шым және құм араласқан сазды, көң тәрізді топырақтар аталмыш өсімдіктерге ауадай қажет. Нәзіктікті сүюмен қатар, қарап отырмай қаражат табу көзіне айналдырған кәсіпкер алдағы уақытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алуды және гүл сортының одан да орасан түрлерін дамытуды жоспарлап отыр.

Н.ҒАЙБУЛЛАҚЫЗЫ.

Мақала: http://yassy-tur.kz сайтынан алынды.