ЛИМОННАН МИЛЛИОНҒА КЕНЕЛУДІ КӨЗДЕЙМІЗ

30 Сәуір, 2019

Қаламызда жайқалған жапырағымен жанымызды жадыратқан жылыжайлардың бірі - «Иассы Консорциумының» жылыжайы. Жалпы жылыжайдың көбеюінің қарапайым халыққа да пайдасы зор. Себебі біріншіден, адамдар жұмыспен қамтылса, екіншіден, өнімнің алыстан келуін күтпейді әрі бұл жергілікті халыққа арзандау түсері анық.


Мұнда есіктен кіргеннен баурап алатын лимонның аңқыған жұпар иісін айтсаңшы. Одан шыққан ғажап иісті күн сайын жұту арқылы адамның есте сақтау қабілеті артып, ақыл-ой күші толысады дегенді естігенім бар еді. Құдды бір жұмақ бағына кіргендейсің... Жұпар иісті ағаш гүлдеп, тырнақтай түйін түйнектеп тұр.

«Қанжігіт» аумағы 2.60 га алып жатқан байтақ жерде 1.60 га - 32 мың түп қызанақ, 1 га - 27 мың түп қияр және өңірімізде өсуі таңсық саналатын 2600 түп лимон егіліп, жайқалып тұр. Жылыжай 2013 жылдан бері қызу жұмыс істеуде. Осыншама қара жердің құр жатпай, халықтың еңбек етуіне, ырысын көруіне септігін тигізіп, өзінің негізгі жұмысымен қатар шаруашылықтың шарықтауын да қолға алған жеке кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Үмбет Жүсіпбаев.

«Ия, «еңбек түбі - береке» екенін осынау еңбегіміздің нәтижесі дәлелдейді. Жылыжай ашылғалы, жұмысын тоқтатпай істеп келе жатқан уақыттан бері қиындығы қанша көп болса, өнімі де соншалықты мол болғанын, аз пайдаға кенелмегенімізді шүкіршілікпен айта аламын. Мысалы, өткен жылы бір маусымда осы 2.60 га алқапқа егілген қызанақтан - 120 тонна ал, қиярдан 80 тонна өнім жинап алдық. Сонымен бірге, лимон ағашы өткен жылы алғаш нышанын көрсетіп, 700 кг өнім беріп қуантты. Сондай-ақ, жылыжай сыртына 8 мың түп алма ағашы мен шырша отырғызылса, 5 га жерге жүзім егілгенін де айта кетейін», - дейді істің басы-қасында жүрген агроном Бақытжан Момынов.

Енді өзгелерден лимон өсіруімен ерекшеленетін жылыжайда осы цитрусты жеміс жайлы айта кетсек артық болмас. Біздің қиялымызда тек Үндістанда, Қытайда ғана өсетін руталар тұқымдасына жататын мәңгі жасыл ағашты жанымызға әкеп жерсіндіріп, көзін тапқан кәсіпкердің еңбегі зор. Баяу өсіп, бастапқы жемісін 5-10 жылда беретін лимонның жылуы қыста 12-14ºС төмен болса, осы температуралық жағдай сақталмаса өсімдік көктемде гүлдемей қояды дейді. Гүлдеп, түйін салған кезінде 18ºС төмен болмауы керек екен. Ал лимонның пайдасы жайлы білмейтін адам кемде-кем. Ол тұмауда, артериялық қан қысымы төмендегенде, жүрек айнығанда, тамақ ауруында емге таптырмайтын жеміс. Оның жұпар иісі жүйке жүйесін тыныштандырып, алаңдаушылықтан арылтады, ауыр күннен кейінгі жүктің бәрін бойыңнан алып тастағандай күш береді. Әсіресе, қан қысымы мазалайтын адамдар лимон ағашы өсірілген мекенді аралағанның өзінде шипасын беретін көрінеді.

Қыруар жұмыстың атқарылғаны аңғарылып тұрған алқапта бүгінде тұрақты 15 адам жұмыс істейді. Айлықтары 50-80 мың теңге аралығында. Ал жиын-терім басталатын маусымдық кезеңде еңбекақысы күнделікті төленетін жұмысшылар тартылады. Бұдан өзге, жанына жақындағаннан жүзінен жылулық есіп тұрған жігіттердің қайырымды істен теріс қайырылып кетпейтінін ұғындық. Шаруашылық иелері өздері қамқорлығына алған 7-8 тұрмысы төмен отбасыға тұрақты көмектесіп, киім-кешек, азық-түліктерін алып беріп отыруды сауап іс деп санайды.

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Мақала: http://yassy-tur.kz сайтынан алынды.