«ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫМ – САПАДАН АЙНЫМАУ»

29 Сәуір, 2019

Мамандықтың қай-қайсысы да қадірлі, қажетті, әрқайсысының өзіне тән ерекшелігімен қатар, қоғамға тигізер пайдасы және алар орны бар екені сөзсіз. Кез келген мамандық иесі адал еңбек етуінің нәтижесінде өзі өмір сүріп жатқан ортасына, кіндік қаны тамған туған жеріне қызмет етіп, елінің гүлденіп, өркендеуі жолында қосқан азды-көпті үлесі үшін лайықты сый-құрметке бөленетіні анық. Өңірдегі бірқатар құрылыс нысандарына қатысты айшықты қолтаңбасы бар «Стройсервис-ХХІ» ЖШС-ның директоры Ермахан Исраилұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

 

-Ермахан аға, сізді жұртшылық ең алдымен кәсіби білім-білігі жоғары құрылыс саласының білгір маманы ретінде таниды. Бұрын бұл салада саны аз болған ұлттық кадрлардың алғашқы легінде болдыңыз? Ендеше, майталман маманның басты ұстанымы қандай?

- Менің құрылыс саласында келе жатқаныма 40 жылдан асты. Мамандықтағы басты ұстанымым кәсіпке адалдық, сапа деңгейінен түспеу болды. 32 жасымда «ПМК-Шалкия» құрылыс мекемесін, 35 жасымда Кентау қаласындағы «Миргалимсайсвинецстрой» тресінің «Жилстрой» құрылыс басқармасын басқардым. Өмірімнің ұстанымы әу бастан санға емес, сапаға көңіл бөлу болатын. Басшы қызметте жүргенде де осы мәселеге ерекше ден қойдым.

Тәуелсіздіктің таңсәрісіндегі қиын да қызықты жылдарды сағына еске аламын. Тұңғыш Президенттің құрылыс бағдарламасы бойынша да көп жұмыстар атқарылды.

Құрылыссыз өмірде өзгеріс те, қозғалыс та болмайды. Өмірдің жаңарып тұруы құрылысшының арқасында десем артық айтқандық емес. Мен үшін құрылысшы деген өте құрметті мамандық.

Қазіргі таңда Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да, құрылыс алаңы сияқты. Құрылыстар қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан, құрылысшылар барлық жерде өте мықты мамандар. Жоғары санатты тас қалаушы, ағаш ұстасы, кран жүргізушілер кез-келген құрылыс компаниясының тірегі десем де болады. Мәселен, бізде 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мамандар бар. Мен жақсы мамандарды жібермеуге тырысып, әрдайым олардың еңбегін бағалаймын. Себебі, кез-келген мекеменің ең үлкен байлығы мықты, кәсіби мамандар.

- Өзіңіз басқарып отырған «Стройсервис- ХХІ» ЖШС туралы айтып өтсеңіз? Жергілікті тұрғындар, яғни, өзіміздің азаматтар құрылыстың басы-қасында жүр ма? Жалпы қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

- Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары құрылыстың болмауы, құрылысшыларға жұмыстың болмауы бұл мамандықты сәл де болса әлсіретті. Құрылысшылардың барлығы басқа салаға кетіп жатты.

Біздің құрылыс мекемелері де жабылып, құрылыс саласының мамандары жұмыссыз қалған тұста, осы мамандардың басын қосып «Стройсервис-ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аштым. Сөйтіп, 2001 жылы құрылған біздің «Стройсервис-ХХІ» ЖШС-інде жұмыс істейтін қызметкерлердің алды 30 жылдан аса еңбек өтілдері бар құрылыс саласының білгір мамандары. Кейінгі жас буын жастардың да өндіріс тәжірибелерін қалыптастыру жүйесі жолға қойылған.

Қаламыздағы индустриалды аймақта темір бетон бұйымдарын шығаратын зауытымыз бар. Сонымен қатар, «Меккембай ата» жанында өндірістік қор (производственная база), құрылыс техникаларын сақтауға арналған ғимарат (гараж) бар. Сондай-ақ, темір бұйымдарын шығаратын цех, құрылыс материалдарын сақтайтын қоймаларымыз бар. Осы құрылыс мекемелерінің барлығы «Стройсервис-ХХІ» ЖШС-нің құрамына кіреді.

Жалпы, темір бетон бұйымдарын шығаратын зауытта 40 адам, өндірістік қор (производстенная база) мен темір бұйымдарын шығаратын цехта 40 адам жұмыс істейді. Бұдан бөлек, құрылыс басында 90 адам тұрақты жұмыс істеуде. Жалпы, 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырмын. Құрылыс жұмыстары көбейген тұста, жергілікті тұрғындарды құрылыс жұмысына келісім-шартпен алып отырамыз.

Бізде орташа жалақы 90-100 теңгеден кем емес. Ең төменгі айлық алатын қарауыл 45000 мен 48000 теңгенің аралығында алады. Өйткені, қарауыл қызметіндегілер айына 10 күннен ғана жұмысқа шығады.

- Сіз басқарып отырған «Стройсервис-ХХІ» ЖШС құрылыс компаниясының соңғы он жыл ішінде салған ғимараттарын атап өтсеңіз?

- Үлкен жұмыстар бір адамның қолымен бітпейді. Мұндайда білікті ұстаз, сенімді әріптес, үмітіңді ақтар жас буын керек. Құдайға шүкір, менде бәрі болды. Соңғы 2009 жылдан бүгінгі таңға дейін біздің құрылыс компания 30 құрылыс нысанын салды. Соның ішінде 14 орта мектеп (Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар ауданында), 2 балабақша (Түркістан қаласы), 4 фельдшерлік акушерлік пункті, үш қабатты тұрғын үйлер (Отырар ауданы), бес қабатты тұрғын үйлер (Кентау қаласы), сонымен қатар, қаламыздағы архив мекемесіне жаңа ғимарат, сондай-ақ, Отырар ауданының екі ауылына тарату желілерін қосатын су құбырлары мен филиалдарының құрылысын салдық.

Ал, дәл қазіргі таңда Отырар мөлтек ауданында 5 қабатты, 60 пәтерлі №13 үйді біздің компания салып жатыр. Алла қаласа, мамыр айында халықтың пайдалануына береміз деп отырмыз.

- Сіздің ойыңызша, жастарды құрылысшы кәсібіне қалай көптеп тартуға болады?

- Жалпы, құрылысшы асқан жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Мұнда ұсақ-түйек қателік болмайды. Нысанды жобалаудан пайдалануға берілгенге дейінгі кезеңдегі әрбір қадам мұқият ойластырылып, есептеулер жүргізіледі. Құрылысшы - мәңгілік мамандық. Қай заманда, қай қоғамда болмасын, адамзаттың лайықты өмір сүруі үшін құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатады. Демек, бұл саланы меңгергендер еңбек нарығында әрқашан сұранысқа ие болып қала бермек. Жастардың көзін құрылыс мамандығының мәртебесіне жеткізе білуіміз керек. Күні ертең буын алмасар шақта құрылыс саласында кәсіби біліктілік деңгейі құлдырап кетпеуі үшін, бізге осы бастан жастарды кәсіптің осы бір түріне көптеп үгіттеуіміз керек. Бір мезгіл қарапайым құрылысшыдан жастарға бағыт сілтейтін ұстаз-құрылысшыға айналу артық етпейді. Біздің компанияда осы үрдіс жүйелі жолға қойылған. Атап айтар болсам, көп жылғы еңбек өтілі бар құрылысшылар кейінгі буын жастарға өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісіп, әрдайым көмектерін көрсетіп отырады.

Біздің компанияда мамандар жетіспеушілігі жөнінде мәселе жоқ. Соның ішінде, жастар да көптеп жұмыс істеуде. Жалақы уақытылы, айына екі рет (аванс және толық айлық) беріледі.

- Аймақ басшысы өңіріміздегі құрылыс нысандарын жергілікті мердігерлерге сеніп тапсыруда. Жергілікті мердігерлер бұл сенімді қаншалықты ақтап жатыр деп айта аламыз?

- Жергілікті мердігерлер өзіне артылған сенімді ақтап жатыр деп айтуға болады. Өйткені, уақытылы әрі сапалы орындауда. Содан кейін сеніп тапсырады деп ойлаймын. Біз де өзімізге сеніп тапсырылған құрылыс нысандарының барлығын уақытында, сапалы тапсырудамыз. Біз салған нысандарда ешқандай кемшілік орын алмады,-деп толық айта аламын. Өйткені, сапа жағына қатаң бақылау жасаймыз. Біздің тарапымыздан уақытынан кешіктіріп тапсыру деген болған емес.

Алдымен тендер ойнатылады. Осы тендерді ұтып алғаннан кейін сол салынатын нысанның құрылыс жобасы беріледі. Содан, құрылыс жобасының сызбасына қарап құрылыс нысанын, яғни, ғимаратты саламыз. Егер мектепті салсақ, сол мектептің барлық сыныптарының партасы мен үстелдерін, химия, физика сынды жеке пән кабинеттері мен қолөнер шеберханаларын, асхана, спорт залдарын құрал-жабдықтарымен түгел қамтамасыз етіп береміз. Ал, үйлерді салғанда іші-сыртын бітіріп қана қоймай, сол үйге газ плитасын орнатып, кухнясына жылы су кіргізіп, жуынатын бөлмесіне душ, ванна, жылу жүйесінің құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Тоқ етерін айтсам, жаңа қонысқа кіргендерге тек киімін ілетін шкафынан басқасының бәрі дайын. Менің осы айтып отырғанымның барлығы сол нысандарды салу келісім-шартында болғаннан кейін біз сметаға қарап, барлығын дайындаймыз. Өзімізге тапсырылған құрылыс нысандарын сапалы етіп салып қана қоймай, келісім-шартта көрсетілген ереже-талаптардың барлығын мұқият орындау басты мақсатымыз.

- Қайырымдылық қанымызда бар қасиет деп жатамыз. Сауапты істер жасап тұрасыз ба?

- Қайырымдылыққа келсек, дана халқымыз «садақаңды сауыңда бер» дейді. Мәселе, байлықта емес. Қолыңда барға қанағат етіп, қашанда қайырымдылық жасауға қарекет жасау керек. Садақаның үлкен-кішісі болмайды. Барыңмен бөлісу - ол да бір жомарттық.

Қайырымы мол сауапты істерден шет қалмауға тырысамын. Жағдайы төмен отбасыларға жүйелі түрде көмектесіп тұрамыз. Оларға ұн тарқатып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырамыз. Қаламыздағы «Түркістан Ахмет Ясауи» орталық мешітін соңғы жылдары қысқы отынмен қамтамасыз етуге үлесімді қосып келемін. Жамағаттың қыс мезгілінде жылы жерде отырып, дұға тілектерін жасауына қолымнан келген көмегімді көрсетудемін.

- Аға, еңбекпен өрілген өмір жолыңызға біраз қанықтық. Енді аз-кем болса да, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

- Құдай қосқан қосағым Әмина бүгінде зейнеткер, немерелерінің сүйікті әжесі. Берекелі отбасымызда Гауһар, Ақбота, Балауса есімді үш қызымыз бен Мақсат есімді бір ұлымызға өнегелі тәрбие беріп, ұлымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырдық. Барлығы жоғары білімді мамандар, өз саласы бойынша еңбек етуде. Ұлым Мақсат қаламыздағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің құрылыс саласын бітіріп, бүгінде «Стройсервис-ХХІ» ЖШС-інде өндіріс бөлімінің инженері қызметін атқаруда. Ұл-қыздарымыздан 9 немереміз бар.

- Өмірде жеткен жетістігіңіз?

- Бүгінгі күнімнің өзі жетістік деп ойлаймын. Алланың берген өмірін сүріп, өз ортамда сыйлы болып, саналы ұрпақ тәрбиелегенім ең үлкен белес. Сол ұрпақ арқылы ертеңге атым қалып, өмірімнің жалғасары анық. Балаларыма дұрыс тәрбие беріп, барлығының білім алуына жағдай жасадым. Қазір әрқайсысы өз саласында қызмет жасауда. Мен үшін осы үлкен биікті бағындырғанмен парапар.

 

Сұхбаттасқан:

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

 

Тілші түйіні: Халқымыздың «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген даналық нақыл сөзі Ермахан Исраиұлына арнап айтылғандай. Сұхбат барысында мекеме басшысының сөзден гөрі іске мығым екенін байқадық. Құрылыс саласының майталманы Ермахан Исраилұлының халықтың игілігіне арнаған еселі еңбектері ел тарапынан жоғары бағаланғаны көз қуантады. Олай деріміз, құрылыс саласына арнаған 40 жылдан аса еңбектерінің жемісі ретінде «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, 2012 жылы қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың қолынан «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» медалімен, 2013 жылы Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының атындағы «Батыр шапағаты» медалімен марапатталса, 2014 жылы «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атағын иеленді. Сонымен қатар, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен және «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» наградасымен марапатталып, мерейі асқақтады. Ал биылғы жылы Қазақстан және Орта Азия Құрылысшылар одағының Түркістан облысы бойынша вице-президенті болып сайланды. Ендеше, елі үшін аянбай еңбек етіп жүрген ердің бұдан да биік белестерді бағындыратынына нық сенімдіміз.


Мақала: http://yassy-tur.kz сайтынан алынды.