ТҮРКІСТАНДЫ КӨГАЛДАНДЫРУ ҮШІН БИЫЛ ҚАЛАДА 5 КАНАЛ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

08 Сәуір, 2019 Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Мәжілістің күн тәртібінде Түркістан қаласын дамыту және Түркістан облысындағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды. 
Жиында алғаш болып сөз алған Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев қаланың құрылысы және облыс орталығын сумен қамтасыз ету мен көгалдандыру жұмыстарымен таныстырды. 
«Қарашық өзенінен бастау алатын Қотырбұлақ каналынан арықтар тартылса, Кентау тас жолы бойында егілген ағаштар мен Парасат паркі сумен қамтылады. Қала ішіндегі ирригациялық арықшалар бойынша суландыруда қала бойынша 17 көшеде жалпы ұзындығы 70,2 шақырым құрайтын ирригациялық арықшалар бар. Бұл арықшалар 2016-2018 жылдары толық қайта қалпына келтірілді», – деді Әліпбек Өсербаев. 
Түркістан қаласы әкімінің баяндамасын тыңдаған облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев биыл Түркістан қаласының ішінде 5 канал жүргізіп, суландыру жүйесін барынша күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, шаһарда ұңғыма санын көбейтіп, гүл мен шалғынға қажетті су мөлшерін барынша молайту қажеттігін нықтап айтты. 

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.