«Азаматтарға арналған үкімет» өз қызметінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданатын болады

12 Наурыз, 2019

Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жер кадастры бойынша 37 қызмет түрін көрсетеді. Оның ішіне жер аумағын, құрылымын, топырақ құрамын анықтау бойынша жұмыстар кіреді. Бұлардың қатарындағы төртеуі мемлекеттік қызметтер. Атап айтқанда, жер учаскелерінің кадастр құнын анықтау, жер телімінің сәйкестендіру құжаттарын әзірлеу және беру, мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін ұсыну және жобаланатын жер учаскесін келісу сияқты қызметтер мемлекеттік корпорацияның облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы филиал қызметкерлерімен атқарылады.  

«Бүгінде біз бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры жобасын әзірлеп жатырмыз. Ол бірнеше ақпараттық база мәліметтерін біріктіріп, мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне ықпал етеді. Жер кадастры бойынша мәліметтер неғұрлым дәл болу үшін біз ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алдық. Ол жердің 1:10 000 рұқсаттағы цифрлық карталарын әзірлеуге көмектеседі. Себебі қазірде әуеден түсірілген бірнеше сантиметрге дейінгі нақты карталар жоқтың қасы», – деп атап өтті мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов жерге орналастырушылардың кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты жиын барысында.

Бүгінде жерге қатысты мәліметтер базасы GPS, спутник навигаторы, қашықтан зондтау және геоақпараттық жүйелер сияқты цифрлық технологиялардың көмегімен жасақталуда.

Мемлекеттік корпорация ұшқышсыз ұшу аппаратының екі данасын қолданысқа енгізіп, оларды басқара алатын мамандарды арнайы оқытады.

Ұшқышсыз ұшу аппараттары мен арнайы бағдарламалардың көмегімен жердің  2D, 3D модельдегі карталарын әзірлеуге болады. Әуеден түсірілген суреттер цифрлық форматтағы топографиялық карта мәліметтерін жылдам жаңартып отыруға көмектеседі. Түсірілім барысында жердің географиялық координаттары бірден ескеріліп, жер бедерінің ерекшеліктері нақты жазылады.

2018 жылы наурыз айының екінші сенбісі жерге орналастырушы, геодезия және картография мамандарының кәсіби мерекесі деп белгіленген. Биыл екінші рет атап өтіліп жатқан мереке қарсаңында мемлекеттік корпорация төрағасы әріптестерін кәсіби мейрамымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. «Былтырғы жылы корпорациямыз мемлекет тапсырысы бойынша 7 млн га аумақта топырақ құрамын зерттеп, дәл сонша мөлшердегі аумақтың электронды картасын әзірледі. 10 млн га жерге мониторинг жүргізді. Еліміз цифрлық технологияларға бетбұрған заманда жер кадастры сияқты саланың да электронды форматқа ауысуы заңды. Осы жұмысты сапалы атқаруға шақырамын. Қызметтеріңіз жемісті болып, жетістіктерге жете берулеріңізді тілеймін», – деді А. Оспанов.

Анықтама: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрамында жер кадастры бағыты бойынша 2 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.