Ө.Шөкеев: «Түркістан таза әрі жасыл қалаға айналуы тиіс»

11 Наурыз, 2019

Бүгін Түркістан облысының  әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, өңірдегі бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиында алғаш болып сөз алған Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев қаланың құрылысы, мемлекет қажеттілігіне қайтарылатын нысандар және инфрақұрылымдық жүйелер, тазалық туралы  баяндама жасады. 

«Түркістан қаласының тазалығын қамтамасыз ету мақсатында негізгі 72 көше бюджет қаражаты есебінен тазаланып келсе, биыл тазаланатын көшелер саны 122-ге көбейді. Қала тазалығын қамтамасыз етуге «Түркістан-Жарықтазалық» мекемесінен 164 адам, 36 техника жұмылдырылған. Көлік козғалысы және автокөлік жолдарын реттеу арқылы қала тазалығын қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар.  Бұл мақсатта 2019 жылы қаламыздағы 62 шақырым жол инфрақұрылымын дамыту үшін 5 көше күрделі, ал 27 көше орташа жөндеуден өтті. Қала аумағын көгалдандыру мақсатында 2018 жылдың күз айында көше бойларына 46 мың түп ағаш егілді», – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев Әкімшілік-іскерлік  және рухани-мәдени орталықтардағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарымен таныстырды.

Баяндамаларды тыңдаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірқатар тапсырмалар берді.

«Түркістан қаласының дамуын басты назарда ұстағанымыз жөн. Саябақтарды суландыру жүйесін жолға қойып, қаланың айналасын көгалдандыруды қолға алу қажет. Ескі каналды және жер асты суын пайдалану бойынша арнайы зерттеу жасап, бір апта көлемінде нақты ұсыныс беруді тапсырамын.  Түркістанның жері жайлы, мұнда кез-келген ағаш жайқалып өседі. Сондықтан да, қаланы көркейту, тазалығын сақтау – біз үшін басты орында. Қала айналасындағы «жасыл белдеуді» ұлғайтып, ағаштардың жаңа түрін егуіміз керек. Салынатын нысандардың барлығы дерлік өзінің ортағасырлық келбетін сақтауы тиіс. Қала көшелерін кеңейтіп, жақсы, жаңа автобустар  жүргізу қажет», – деді  облыс басшысы.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі