«Тарихи туризм мекені – Түркістан»

«Тарихи туризм мекені – Түркістан»

Түркістан қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен 3-4 мамыр аралығында «Тарихи туризм мекені – Түркістан» туристік форумы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты аймақтағы мәдени және рухани туризмді дамыту, сонымен қатар, қаламызға келетін туристерге Түркістан қаласының туристік нысандарын таныстыру болып табылады.

Туристік форумның бағдарламасы Қазақстан Республикасындағы экономикалық дамудың негізгі кластері ретінде туризмге қатысты көптеген мәселелерді қарастырды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, форум барысында туризм саласында халықаралық туризм тәжірибесі бар басқа елдерге мысалдар беріліп, ішкі сыртқы туризмді дамыту, инвесторларды тарту мәселелері талқыланды.

Форумның бағдарламасына сәйкес қала ішіне ақпараттық тур ұйымдастырылып, Азрет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайына, оның ішінде:Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Хылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Хан ордасы, Құмшық ата, Рабиға Сұлтан Бегім, Есім хан кесенелеріне,  тарихи этнографиялық мұражайына, қолөнер шеберханасына, «Гауһар ана», «Шахан ата» кесенелеріне экскурсия жасады.

Экскурсиядан кейін қонақтар Түркістан қаласынан 25 шақырымдағы  Ораңғай ауылдық округінің Құсшы ата елді мекенінде орналасқан этноауылға келіп, қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына сай ұйымдастырылған киіз үйде кешкі ас, қазақтың ұлттық тағамы «бесбармақтан» дәм татты. Сонымен қатар, «Қыз ұзату», «Тұсау кесу» көріністерге куә болып, қолөнер шеберлерінің шеберлік сағатына қатысып, алтыбақан теуіп, айтыс өнерін тамашалады.

Бағдарламаға сәйкес, 4 мамыр күні форумға қатысушылар Қаратау тауының етегінде орналасқан туристік нысандарға жолға шықты. Қатысушылар алдымен  «Жылаған ата» сарқырамасы мен үңгірін тамашалап, Қазақстанның қызыл кітабына енген Альберт, Грейг қызғалдақтарын көріп, Жылаған атаның мөлдіреген таза тау өзенінің бойында демалып, Укаша ата кесенесі мен құдығына жол тартты. Укаша ата тарихымен танысып, құран бағыштап, қасиетті құдығынан су алды. 

Іс-шараның барысында қатысушылар есте қаларлықтай әсер алып, Түркістан қаласының туристік нысандары туралы толық мәлімет алды. Сондай ақ, туризм саласының мамандары, туристік компаниялар, өлкетанушылар арасындағы ішкі туризмді дамыту бойынша жаңа идеялармен алмасу арқылы, туризм саласын ұлттық экономикамыздың дамуына үлес қосатын алдыңғы қатарлы секторға айналдыруды басты міндетке қойды.

Top
Разработано с JooMix.
We use cookies to improve our website. By continuing to use this website, you are giving consent to cookies being used. More details…