АУРУХАНАЛАРҒА ҚОСАЛҚЫ ОРЫНДАР БӨЛІНГЕН

20 Маусым, 2020
Түркістанда пневмония ауруымен шалдыққан азаматтар үшін ашылған бастапқы 50 орын саны толығып, 280 орын тағы бөлінді. Жалпы, Түркістан қалалық орталық ауруханасы, Қ. А. Ясауи клиникасы, №3 облыстық перинаталдық орталық, "Ақмарал" және "Талғат" ауруханасы 330 орынға шақталып тұр. Одан өзге, дәріханаларда баға тұрақтылығын бақылау бойынша тиісті құзырлы мекемеге өтінім жолданып, сол бойынша жұмыс жасайды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаевтың төрағалығымен өткен қалалық штабтың кезекті отырысында мәлім болды.
Жиналыс барысында қалада санитариялық талаптарды қатаң орындап, бақылау мәселелері туралы жауапты мамандарға тапсырма берілді.
Осы мақсатта, полиция, төтенше жағдай, тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау (СЭС) мамандары және әкімдіктің дербес бөлім қызметкерлері бүгін-ертең, яғни сенбі, жексенбі күндерде қызметін жандандырады. Дүйсенбі күні, атқарған жұмыстар бойынша есеп беріледі.
Полиция тарапынан адамдар көп жиналатын қоғамдық орындар тізімі беріліп, аталған аумақта алты мобильді топ індет таралуының алдын алу бойынша шарттардың орындалуын күшейтеді. Жарығы сөніп, жабылған саябақтар бақылауда болып, дүкендерде медициналық бетперде тағып кіру және оны бақылап тұратын адамның болуы да жіті қадағаланады. Талаптар орындалмаған жағдайда заң аясында шаралар көрілетін болады.