1-қазан Халықаралық қарттар күніне құттықтау!

Ардақты ардагерлер!
Қазыналы қариялар!

Жылдағы дәстүр бойынша 1 қазанда Халықаралық қарттар күні аталып өтіледі.
Аталмыш мерекеде қарияларымыздың елі үшін еткен еңбегі мен төккен теріне құрмет көрсетіп, жас ұрпаққа көрсеткен үлгісі мен өнегесіне алғыс айтқымыз келеді. Қариясы бар елдің қазынасы бар. 
Қазақ қарттарын құрметтеп, төріне оздырған, батасын алуға асыққан, халқымыздың аға ұрпаққа деген құрметі мен ықыласы әрдайым ерекше болған.

«Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік», деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Халықтың, ардагерлеріміз бен көнегөздеріміздің әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған түрлі реформалар, ауқымды жұмыстар өз нәтижелерін беріп келеді. Қазақстанда ардагерлерге қамқорлық жасауда ауқымды шаралар іске асырылуда.

Жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беріп өсіргендері үшін, ел дамуына қосқан өлшеусіз үлестері үшін, көл-дәрия даналықтары үшін қарияларымызға мың алғыс айтамын! Сіздер әрдайым қамқорлықта екендіктеріңізді еске салғым келеді.

Бүгінде еткен еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған Сіздерді ұрпақтарыңыз, мына біздер өз қамқорлығымызға алып, мереке сайын құттықтап, мұң-мұқтаждарыңызды тыңдап, құрмет-қошемет көрсетуге әрқашан дайынбыз!
Ардақты ардагерлерімізге, қазыналы қарттарымызға барша түркістандықтар атынан зор денсаулық, амандық-саулық, ұзақ өмір тілеймін. Еңселеріңіз биік, күш-қуаттарыңыз зор, бізге берер ақ баталарыңыз мол болсын!

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов