05.10.2018 жыл. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы бойынша қала әкімі Ә.Өсербаевтың баяндамасы

 2018 жылдың 5 қазанында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауы жарияланды.

Елбасы бұл Жолдауында: «...Қазақстанның Халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік. Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық» – деп ширек ғасырдан астам уақытты артта қалдырған Тәуелсіз мемлекетіміз үшін сындарлы сәттің бір белесінде жеткен жетістіктерге айрықша тоқталып өтті.

Алты бағыттан тұратын бұл саяси құжат қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы, әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталады.

Бұл Жолдауда да Елбасы  «тұрғындардың əл-ауқатын көтеру», «қызмет көрсету сапасын жақсарту», «өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру», «халықтың қалауындағы мемлекет құрылымы», «тиімді сыртқы саясат», «қазақстандықтардың елдегі өзгерістерге ілесуі» секілді бағыттарға тиісінше басымдық танытты.

 Бұл Жолдаудың өзегінде елдің алдағы жылда жəне болашақта қалай қарай даму керектігінің жан-жақты схемасы мен іс-əрекет алгоритмі тұр.

Сондықтан бұл саяси құжатты адам капиталын дамытуды көздейді деп айтуға толық негіз бар. Елбасы Қазақстандағы «əлеуметтік мемлекет» құрылымын нығайтуға күш салады. Мемлекеттің басты міндеті – халқына қызмет ету. Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың мақсаты Қазақстан халқын əлемдегі бəсекеге қабілетті ұлт ретінде қалыптастыру. Оны жүзеге асыру адамдардың денсаулығына, біліміне, мəдениетіне жəне кəсіпкерлігіне тікелей байланысты.

Бүкіл құжатты үйлесімді түрде байланыстырып жатқан басты басымдық – қазақстандықтардың əл-ауқатын өсіру. Кең саяси-экономикалық айналымға тұңғыш рет «қолма-қол ақшасыз экономика» ұғымын енгізе отырып, Мемлекет басшысы халықтың əл-ауқатының басты факторы ретінде жалақыны өсіруге баса назар аударды. Ол үшін 1,3 млн адамның еңбек ақысының ең төменгі мөлшерін 1,5 есе – 28-ден 42 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ халықтың көкейкесті мəселесіне айналған тағы бір түйткілді назардан тыс қалдырмаған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы төлемдерді реттеу жөнінде ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, қазіргі экономиканың күретамыры болып саналатын шағын жəне орта бизнеске қолдау көрсете отырып, табысты болған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жалғастыруды тапсырды. Біздің саяси-экономикалық тұрғыдағы тілдік қорымызға Президент қосқан тағы бір ұғым – «қарапайым нəрселер экономикасы» болса, бұл тұста Елбасы отандық кәсіпорындарымызға қолдау танытып, көмектесу қажеттігіне тоқталды.

Және де Елбасымыз атаған қайта өңдеу зауыттарының өндірісін қолға алу туралы тапсырмасы ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне, жалпы нарықта жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігін береді. Бұл бағыт жаңа облыстың орталығы болған Түркістанның өндіріс саласын өркендетумен кәсіпкерлік саласын дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Осы орайда өңірдегі бірқатар азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу бағытында қолға алынған жобаларды жандандырудың нағыз уақыт сәті жетті.

Осы орайда ата кететін жайт, өнеркәсіп саласы бойынша қаладағы индустриалды аймақта тек қана құрылыс материалдарын емес инновациялық жобаларды іске асыру жұмыстарының уақыт өткен сайын өзектілігі артып келеді. Бұл салаға Жолдауда айрықша басымдық беріліп отыр. Оған қол жеткізу үшін тиісті тапсырмалар жүктелді.

Жолдауда негізінен əлеуметтің əлеуетін арттырумен қатар білім саласын біріздендіру жайына ерекше тоқталды. Ағартушылық салаға жасалған жаңаша бетбұрысты еліміздегі кішкентай балабақшалардан бастап, жоғары оқу орындарына дейінгі тұтас тетікті дұрыс жұмыс істету деп қабылдауымыз керек. Білім саласын жиі реформалауды тоқтатуға қатысты мəселе көтерген Мемлекет басшысы ең алдымен орта мектептерге жасалып жатқан шегі жоқ өзгерістердің кесірінен оқушылардың сапалы білім алуы тежеліп қалуы мүмкіндігін ескертті.

Сонымен қатар, Білім беру ісінде 4К моделіне, «креативті», «сындарлы ойлау» «коммуникативтік» (com municativeness) жəне «топтық ұстаным» бағыттарына Қазақстанның заманауи білім жүйесінде басымдық беріледі.

Сондай-ақ, Жолдауда жоғары білім беруге Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын ашу және өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруға «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаны ішінара субсидиялау, қауіпсіздікке «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі «Жол картасын жасау» жəне тағы басқа салаларға қатысты өзге де маңызды шешімдер бар.

Бүгінде тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру және Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасын жүйелі жолға қою өңіріміз үшін әсіресе жаңа облыстың орталығы болған Түркістан қаласы үшінде маңыздылығы басым. Тұрғындар арасында және қаламызға келіп қоныстанушылар үшін баспана мәселесін шешу бірінші орында. Өңірімізде кейінгі жылдарда халықты жалпы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында, әлеуметтік қамтамасыз ету саласында Елбасы тапсырмасымен қолдауларды оңтайландыру барысында тұрақты жұмыстары жүргізіліп келеді.

Бұдан бөлек, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету жолында бүгінгі күнге дейінгі атқарылған жұмыстар, алдағы уақытта күрделене түсетінін және оған үлес қосу қажеттігін айта кеткен жөн. Жолдауда: «...Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады. Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын. Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс» - деп Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күресте мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізуді көздеп отыр.Менің пайымдауымша бұл нәтижелі шара. Ақпараттың қол жетімділігі мен ашықтығы жұмыстың жедел жүруіне көп септігін тигізеді. Бұл Президентіміздің саяси жүйені демократияландыру жолындағы тарихи шешімі деп білемін. Бұл еліміз үшін, болашақ үшін өте маңызды қадам.

         Елбасы бұл Жолдауында жүргізіліп жатқан әрбір реформаның мәні мен елімізді өркендету жолындағы маңызын барша халық жете түсінгенін қалайды. Осы орайда қазақстандықтардың ортақ  мақсатта жұмыла жұмыс жасауы өте маңызды екендігінде айтты.

Елбасы Қазақстанды əлемдегі ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосуды көздейді. Қазақстанның тек үлкен қалалары ғана емес, əр аймағының дамуына жағдай жасауы Мемлекет басшысының – сарабдал саяси ұстанымның айқын көрінісі.